Сезария Эвора: Бір мемлекетті асыраған танымал әнші - на woman.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на woman.bugin.kz Қаракөз Амантай

Әлемді мойындатқан әнші

Елінің "Қара гауһары"

Эвора Сезария-кішкентай ғана елдің үлкен қара гауһары. Сенегал жағалауының батыс бөлігіне жақын Жасыл мүйіс аралында орналасқан, 1975 жылға дейін Португалияның отары болған кішкентай Кабо-Верде мемлекетіндегі қарапайым отбасында дүниеге келген. Оның әкесі музыкант, ал анасы асүй қызметшісі болды. Әкесі мейірімді және қарапайым адам болған, дегенмен Сезария 7 жасқа толғанда әкесі қайтыс болады. Отбасында жеті бала болғандықтан, анасы ауыртпалық түспесін деп Сезарияны балалар үйіне береді.  Есейе келе ол анасына қолғабыс болу үшін үйіне оралады. Үйіне келе салысымен ол әкесінің ескі, шаң басып қалған суреттері мен музыкалық аспаптарын ретке келтіріп, тазалайды. Сөйтіп ол 14 жасында алғаш рет гавай гитарасымен махаббат туралы ән шырқайды. Табиғаттың қызға берген ерекше, күшті дауысын тыңдаушылары бірден ұнатып, сүйсініп, қошеметтерін көрсете бастайды.

Миндело қалашығы әдемі түнімен ерекшеленді. Бар, клубтардың есігі теңізге келушілердің барлығына ашық болды. Жағажайдағы ән, би көрермендерді таңқалдырмай қоймады. Ал Сезария баяу ырғақпен айтылатын, мұңды және сезімге толы махаббат туралы әндерді айтқанды ұнатты. Ал оның даусын аңсап келетіндер қатары күн санап арта берді. 

Сезарияның алғашқы әндер жинағы

17 жасында Сезария клубта өнер көрсететін музыканттар тобын құрады. Оның сахнадағы көрінісі мен даусы адамдардың есінде жарқын бейнемен қалды. Ол халықтың ыстық ықыласы мен махаббатына ие болып, ең жоғары "морна патшайымы" атағын алады. 1975 жылы Португалия Сенегалға тәуелсіздік берді, ал бұл Кабо-Верде сауда қатынасына қатты әсер етті. Сол себепті музыканттардың көпшілігі түрлі бағытқа кетіп қалды. Бірақ, Сезария қалды. Ол әрі қарай әнін шырқап, туған жерінде жерлестерінің өмірін ашық түспен бояуға тырысты. Айтпақшы, әнші концерттерге жалаң аяқ шығып жүрді. Ал аяқ-киім суық климатты елдерге бару үшін ғана қажет болды. Сол уақытта танымал әнші Мона және әйелдерден құралған топ Сезариямен бірге ән жаздыру үшін Лиссабонға бірнеше рет шақырған. Сезарияның алғашқы продюсері атақты әнші, жерлесі Тито Парис болды. Жеке альбомының дебюті Сезария 43 жасқа толғанда жарық көрді.

Бір күні оның ән айтқанын көрген Кабо-верденің жұлдызы, шығу тегі бойынша Сезарияның жерлесі, француз Хосе да Сильва әншінің даусына тәнті болады. Сөйтіп, ол Сезарияны Францияға баруға әрең көндіреді. Ақыры әншіні Хосе да Сильва жеке альбомын жаздыру үшін Парижге алып кетеді. Бұл "Lusafrica" - ынтымақтастықтың бастамасы болды. 1988 жылы бүкіл әлем Diva aux Pieds Nus деп аталатын альбомды тыңдарманы болды. Одан әрі-Distino di Belita (1990 ж.), ал 1991 жылы Mar Azul ән жинағы шықты.

Әлемді мойындатқан ерекше дауыс иесі

1980 жылдың басында Сезария концерттік бағдарламамен Еуропаға аттанады. 1988 жылы ол әлемді мойындатып, көптеген жанкүйер жинайды. Оның жасындағы әйелдер Сезарияға ұқсағысы келді, тіпті жалаң аяқ та жүрді. "Мисс Перфумаду" (1992 ж.) деп аталатын төртінші жеке альбомының шығуы морна, модиньи, фаду әлемінде нағыз фурор жасады. Ол сонымен қатар португал фолк, джаз, блюз әндерін орындай отырып 52 жасында поп-жұлдыз атанады. Осы кезде Францияда ғана сатылған дискілердің саны 200 000 данадан асты. Әнші "Грэмми", "Victoire de la Musique", Францияның мәдениет министрі Кристи Альбанель ұсынған ең беделді  «Құрметті легион» орденінің иегері болды. Сезария 18 альбомын жазып, гастрольдік сапармен бірнеше рет Ресей мен Украинада болған. Сезария Эвораның жүрегімен сезініп айтқан әндері бүкіл әлемді тәнті етті. Оның терең мағыналы әндерін сезімтал адам ғана айта алады. Романтика мен сезімге толы әндеріне ол өмір бойы адал болып қалды. Халық оның есмін Клавдия Шульженко, Эдит Пиаф, Мадонна және Элвис Пресли аттарымен бір қатарға қояды.

Жеке өмірі

Жеке өмірінде ол өз бақытын таппады. Алғашқы махаббаты-қара көзді гитарист Эдуардо болды. Дегенемен, ол қыздың жанын жаралап, ауыр жағдайда тастап кетті. Сезарияның жарасы ұзаққа созылды. Сөйтіп ол қайғы мен қуанышта, өмір жолында серік болатын адамын кездестірмейді. Жанын жаралаған қайғы мен жалғыздықты көпшілікке ән арқылы жеткізіп отырды. 3 баланың анасы болу- оның жеке өміріндегі ең үлкен қуанышы болды. Ол да анасы сияқты бір баланы асырап алады.

Сезария Эвора туралы қызықты дерек

Әлемдік даңқ Сезарияға 50 миллион доллардан астам табыс әкелді. Әнші ақшаны пайдасыз дүниеге жұмсағысы келмеді. Сөйтіп ол барлық ақшаны бастауыш білім мен өз елінің денсаулық сақтау жүйесіне аударды. Бұл ісіне риза болған жерлестері оған ескерткіш қоюды жоспарлайды. Бірақ, Сезария бұл әрекетке қарсы болады. Эвора Сезария өзінің артынан бірегей әндерін қалдырып 70 жасында қайтыс болды. Оның еліне, адамдарына деген махаббаты адал болды. Егер адам өз ісін шынайы сүйсе өзі ісіне адал болып, сүйікті ісін соңына дейін қуса үлкен табысқа кенеледі. Арнайы білімі жоқ, тек бір тілді ғана білетін Сезария адамдарға мұны дәлелелдеп кетті.

0 Пікір Кіру