Қазақ қыздарының XXI ғасырдағы келбеті қандай? - на woman.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на woman.bugin.kz Қаракөз Амантай

XXI ғасыр-әйелдер ғасыры

Нәзікжандылар мәселесі ғасырлар бойы өзектілігін жоғалтпаған. Себебі, қыз болашақ ұрпақ тәрбиелейтін ана. Ал адам бойындағы асыл қасиеттердің барлығы бойымызға ананың ақ сүтімен дариды. Сонау Томиристен бастап, Бопай, соғыс кезінде нәзіктігімен қоса батырлығында дәлелеген Әлия, Мәншүк, Хиуаз, желтоқсанның құрбандары Ләззат пен Сабира, сонымен қатар білім, денсаулық саласында үлкен еңбек сіңірген қыз-келіншектер елі үшін қызмет етті. Әлі де қызмет етіп келеді. XXI ғасыр-әйелдер ғасыры. Қазір әйелдер қауымы түрлі салада біліктілігін дәлелдеп, өздерінің артынан ізін қалдыруда. Үйдің жұмысымен шектеліп отырған әйелдерді бұл ғасырда сирек кездестіреміз.

2000 жылы БҰҰ-ның мыңжылдық декларациясы қабылданды. Бұл жердегі 8  мақсаттың бірі гендерлік саясатты қолдау болды. Қазіргі уақытта Қазақстан гендерлік саясаттың теңдігі бойынша 200 елдің арасында 51-орынға шықты. ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Парламент мәжілісінде әйелдер үлесі - 27,1%, 10 жыл ішінде бұл көрсеткіш айтарлықтай өсті. Саяси мемлекеттік қызметкерлердің 9,7%-ы әйелдер.

Жалпы, гендерлік саясат сонау Кеңес дәуірінде қалыптаса бастады. Қыздарға мансаптық өсуде үлкен мүмкіндіктер берілді. Қазіргі таңда гендерлік саясатта қыздардың мансаптық өсуі артып келеді. Олардың көп бөлігі денсаулық сақтау, білім беру, мəдениет жəне өнер, ғылым, сауда, қоғамдық тамақтану секілді салаларда басымдық танытып жүр. Олар ерлерден қолдау күтпейтін болған. Үй, көлік алып, материалдық жағдайын жақсартып алуды көздейді. Ал бар жағдайын жасап алған қыздың жігітке келгенде таңдауы да, талғамы да күшейеді. Осылай жүргенде жасының қалай 30-ға келіп, кәрі қыз атанғанын байқамай қалады. Қазақстанда 2018 жылғы статистикаға сүйенсек, кәрі қыздардың қатары 700 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.  

Мысалы, Қытайда қыздарға арналған қатаң қаулы бар. Мансап жолында өсуді көздеп, тұрмыс құруды есіне алмаған 27-ден асқан қыздарды ресми түрде «жағымсыз адам» қатарына жатқызады екен.

Ал өзінің жағдайын жасап тұрмысқа шыққан қыз, үйдегі міндетін дұрыс түсінсе жақсы. Себебі, еркекігімен қатар табыс тауып, жұмыс істеп, үйдегі билікке ұмтылатын әйелдер бар. Олардың басым көпшілігі күйеуіне тәуелді болғысы келмейді. Ал бұл мәселенің соңы жақсылықпен аяқталмайтыны анық. Қазір шаңырақ көтеріп, араға жыл салмай ажырасып жатқандарды жиі кездестіреміз. Мұның басты себебі әйелдің ер адаммен теңдікке ұмтылуы. Статистикаға сүйенсек, некенің 30%-ы алғашқы жылы, 20%-ы бес жылға жетпей бұзылады екен. Сонда 50% отбасы жойылады. Мұндай жағдайды қалай тоқтата аламыз? Айналып келгенде барлығы тәрбиеге байланысты. Отбасы, ошақ-қасында ер адамның басшы екенін санасына құйып өскен бүлдіршін, өскенде ибалығы мен биязы мінезінен айырылмайды, мансаптық билікке ұмтылса да үйдегі билікке таласпайтын болады.  

Қазіргі заманның қыздары мен әйелдері ерлермен иық тірестіріп тұр. Тіпті, ер адамдарға арналаған спорт түрімен шұғылданатын әйелдер де біршама. Арақ ішіп, темекені будақтатып шегіп тұратын аруларға көзіміз үйреніп қалғанымен, болашағымыз үшін қатты алаңдаймын.

Өткен ғасырда ұяңдық пен биязы мінезді қыздарды бұл заманда көру арман болды. Көпке топырақ шашпаймыз, бес саусықтың бірдей емес екенін де ескере кеткен жөн. Қазіргі кезде атақ-даңқ үшін хайп қуған заманда қыздардың басым көпшілігі қылықтарынан айырылып барады. Қызға қырық үйден тыйым деп айтып келеді. Алайда сол тыйымға құлақ аспай, өз білгендерін істеп, абыройынан айырылып жатқан өрімдей жас қыздарымыз қаншама? Мектеп қабырғасынанан жыныстық қатынасқа түсіп, жүкті болып, заңсыз түсік жасатып жатыр. Бұған қоса осындай әрекетпен, жаңа туған сәбилерін құшағына алмай, көшеге тастап жатқандарға не дейміз? Соңғы бес жылда елімізде 18 жасқа толмаған 33051 қыздың аяғы ауыр болып, оның 9906-ы іштегі баланы алдырып тастаған. Осының кесірінен әрбір төртінші қыз ана болу бақытынан айырылды. Ал жыныстық қатынасқа түсу тәжірибесі 14 жас болып тұр. Мұндай істің соңы өз-өзіне қол салуға, заңсыз жолмен түсік жасатуға алып келеді.

Мысалы, өзбек, тәжік, түрік секілді ұлттарда қыздарын ерте тұрмысқа беру салты қалыптасқан. Яғни, қыз 15-16 жасқа толғаннан кейін ұзатып жібереді екен.

Біріккен Ұлттар Ұйымының халық тұрмысы саласына қатысты арнайы қорының мәліметінше, күн сайын әлемдегі дамушы елдердің кәмелетке толмаған 20 мың жасөспірімі босанып жатады. Бір жылда бұл көрсеткіш 7,3 миллионға жетеді, оның 2 миллионы – 15 жасқа толмаған қыздар. Демек бұл дүниежүзі бойынша орын алып отырған мәселе. Дегенмен бұл көрсеткішті көріп Батысқа еліктеп, сылтау іздеудің қажеті жоқ. Біздің менталитетке жат нәрсені, заман талабы деп сытылып шығуға болмайды. Ата-ана қызының санасына осы дүниені дұрыс сіндіре білсе, желпілдетіп жан-жаққа шығармаса қыз мұндай әрекетке бармайды. Қыздың болашақ ұрпақ тәрбиелейтін ана, әйел екенін есертіп отырса, мұндай дүниелер азаяр ма еді...

Сонымен қатар, желіні шулатып жүрген Байзақовадан бастап Шынарға дейін ар-ұяттан безген қыздар өскелең ұрпақтың санасын улада. Атың шықпаса, жер өрте деп ойына келгенін істеп, қазақ ұлтының атына кір келтіріп жүр. Қазір 5 жастағы баланың өзінде жеке смартфоны бар. Ал бұл қыздардың бет-әлпетін, киім-кешегін, жүріп-тұруын көріп отырған үйдегі бала өзіне қандай дүние алады? Бұл тұста ол қыздарға ғана кінә артқанды қою керек. Балаңыздың интернет желісінен нені көріп отырғанын бақылып отырсаңыз, тіпті сол құрып кеткір смартфонды бермесеңіз жаман ұрпақты тәрбиелемейтініңіз анық. 

Қыз - ұлттың, қоғамның айнасы. Кешегі қазақ қызыдарының бойына сіңірген асыл қасиеттерін өшірмеу біздің қолымызда. Заман өзгере береді, дегенмен қанымызға сіңген, ұлтымыздың мәдениеті мен әдет-ғұрпын жойып жібермей, болашақ ұрпаққа табыстау бізге жүктелген міндет. Ал қыз баласы келер ұрпақтың анасы, бір шаңырақтың келіні. Қыздың тәрбиесіне мән бермесек, ертеңгі ұрпағымыз не болмақ?  Біреуге кінә артпай, өзгеруді әр адам өзінен бастаса дұрыс болар еді.

0 Пікір Кіру