Bugin.kz

Кез келген арудың басты көркі - шаш. Дегенмен қазіргі таңда қолаң шашты қыздардан, қысқа шашты қыздарды жиі кездестіреміз. Ал шашының ұзындығы мен қалыңдығын сақтап келе жатқан қыздар қатары аз. Солардың бірі 1,3 метр шашымен ерекшеленіп жүрген Ақын Аяулым. Ол шаш күтімі туралы әңгімелеп берді.

Аяулым Ақын қазақтың салт-дәстүрін бала кезінен берік ұстанып,  қолаң шашымен әлі күнге дейін ерекшеленіп, халықтың көзайымы болып келеді. Шашының ұзындығы 1.3  метр. Қазіргі таңда Сәтбаев университетінің 4-курс студенті. Ол шашына күн сайын қызығып, таңғалатындар әрі ақыл-кеңесіне жүгінетін қыздардың көп екенін айтады.

Шашым - менің басты қаруым. Ата-анам қазақтың салт-дәстүрін ерекше ұстанатын жандар. Сондықтан  олар шашымды қидыруға рұқсатын бермеген. Керісінше шаш-қыздың көркі, шашыңды күт деп ақылдарын айтып отырады. Қазіргі кезде көп қыздар шашын қиып, одан қалса оны әртүрлі түске бояп, сүйкімін кетіреді. Әрине, әр адамның жеке талғамы және өзінің ұстанатын принциптері болады. Көп жағдайда адамдар шашымды көріп қызығып жатса, бірі жаман пікірін білдіріп жатады. Ал мен тек жақсы пікірлерді ғана қабылдауға тырысамын.

Шаш өсірудің айтарлықтай құпиясы жоқ. Күнделікті өмірде кәдімгі көпшіліктің қолданып жүрген қарапайым шампунімен мен де жуамын. Шашым ұзын болғандықтан барынша күтуге тырысамын. Шашымды жумастан бір сағат бұрын түбіне сіңдіріп айран жағамын. Сосын әжемнің арнайы дәріханадан алатын майы бар. Аптасына екі рет зығыр майын (масло льняное) жағып тұрамын. Сонымен қатар балдан жасалған маскада шашқа жақсы әсер етеді. Бал көптеген пайдалы заттар мен микроэлементтердің көзі. Сондықтан үй жағдайында балдан жасалатын маска шашқа рең беріп қана қоймай, шашты жұмсартады. Ол үшін алдымен 2 ас қасық балды буға ерітесіз. Еріген балға 1 ас қасық айран немесе қаймақ, майонез қосасыз. Содан соң 4 тамшы жасмин және лаванда эфир майын қосып араластырасыз. Сөйтіп шашқа және бастың терісіне бір қалыпты етіп жағып, 40 минуттан соң жуып тастайсыз.Бұл әдістер шаштың тез өсуіне әрі берік болуына әсерін тигізеді. Көп қыздар шашын күн сайын жуады. Шашты көп жуудың қажеті жоқ, себебі шаш құрғап кетеді. Өз басым шашымды аптасына екі не үш рет жуамын. Шашымды мүлдем бояп көрмегенмін және химикаты бар затты пайдаланбауға тырысамын.


Өзіме шаш өсірген ұнайды. Мысалы, әр адамды ерекшелеп тұратын өз имиджі болады. Мені басқалардан ерекшелеп тұратын шашым. Артымнан ерген сіңлілерім маған қарап бой түзейді, сондықтан барынша қазақ қызы деген атқа лайықты болғым келеді. Қазіргі кезде олардың да шашы ұзын.

Аяулымның айтуынша, ұзын шашты арқалап жүрудің өз қиындығы бар. Мысалы, шашын жууға 30-40 минут кетіп, кебуі де біршама уақытты алады екен. Жаз кезінде бір сағатта кепсе, ал күз, қыс мезгілінде кебуіне 2-3 сағат кетеді екен. Ал арнайы шаш кептіргіш құралды мүлдем пайдаланбауға тырысады.

Өзіме шаш өсірген ұнайды, дегенмен барлық нәрсенің оң және теріс жағы болатындай, шаштың да өз қиындығы бар. Кейде шашымды қиғым келген кездер болады. Себебі заман талабына сай неше түрлі шаш үлгісін жасап, бояғым келеді. Дегенмен сондай сәттерде жаман ойға ерік бермей, жоқ қимаймын деп өз-өзіме ант беремін. . Кейде жерге отырып, тұра бергенімде шашымды басып, құлайтын кездерім болады және жуынып шыққаннан кейін аяғыңа оратылып кедергі келтіреді. Көшеде немесе қоғамдық орындарда адамдардың үстіне жабысады, машинаның есігі жабылған кезде қыстырылып қалады.

Шашыма байланысты қызықты оқиғалар көп болған. Шашыммен адамды құтқарған кезім де болды. Мектеп кезінде дене шынықтыру сабағы болып жатты. Сөйтіп қатты жылдамдықпен жүгіріп келе жатқан құрбым өз-өзін тежей алмай, құлай бергенінде шашымнан ұстап жерге құламады. Сол кездегі сәтті құрбыларыммен күліп еске алып отырамыз.

Шашымды жууға және кептіруге ешкім көмектеспейді. Бала күнімнен тек өзім жуып, өзім күтімін жасап отырамын. Тіпті біреуге ұстатқызып, таратпайтынмын. Шашымды жіберіп жүру өте ыңғайсыз болғандықтан, көбінде өріп жүремін. Кейде қызық көріп жіберсең, бүкіл жерге ілініп, жұлынып берекең қашады. Ал өріп жүру ешқандай кедергі келтірмейді.

Қазіргі таңда қыздарымыз заман талабына сай жүріп-тұруды қалайды. Табиғи сұлулықтан гөрі, жасандылыққа ұмтылатын аруларды көп кездестіруге болады. Қазақ қызы қазақылығын сақтап, шашын өсіріп, өз-өзін күтсе жақсы болар еді.



0 Пікір Кіру