Қаракөз Амантай

ҚР Статистика агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде ерлер саны 8 790 954, әйелдер саны 9 366 124. Ал соның ішінде еліміздегі қыздардың 700 мыңнан астамы, яғни 28,2 пайызы тұрмыс құрмаған. Қыздар неге тұрмысқа шығуға асықпайды? Бұған кім кінәлі? Жігіттер ме? Әлде мансапты алдыңғы қатарға қойған нәзік жандылардың өзі ме? Кеш тұрмысқа шығудың жалпыласуы тренд пе? Әлде тәкаппарлық па? Бұл туралы бүгінгі материалда әңгіме өрбітеміз.

XXI ғасырдың өзекті мәселесі – қыздардың тұрмысқа кеш шығуы . Осы тұста қыздардың көпшілігі жігіттердің майдаланып кеткенін және әлсіздігін алға тартса, енді бірі өз бетінше дамып, мансап қууды көздейді. Тіпті, 19-22 жастағы қыздардың өзі 24-25 жаста тұрмысқа шығамыз деп мақсат та қойып қойған. «Қыздар тұрмысқа неге кеш шығады ?» деген сұраққа аруларымыз пікірін білдірді.

Жұлдыз Ыбытаева, 26 жаста

Жұлдыз қыз баланың бақыты карералық мансаппен өлшенеді дегенге келіспейді. Себебі өзін қалыптастырып жүрген адам өзіне, құндылығына сай адамды іздейді.  Егер ол адам өмір жолында өз адамын жолықтырса , ары қарай уақыт созылмайды. Себебі тұрмысқа шыққан соң, ерімен ақылдаса отырып, армандарына қол жеткізеді деген пікірде.

Əр қыздың бақыты - өз жүрек қалаулысына тұрмысқа шығып, "ана" атану, үлгілі келін болу. Алайда күнде дамып жатқан қоғамда тұрмысқа шығу бұрынғы кезбен салыстырғанда кешірек болып жатыр. Себебі қыз баласы заманынан қалмай, өзін тұлға ретінде дамытып, ел аралап, білмейтінін үйренгісі келеді. Сондықтан тұрмысқа шығу уақыты ұзарады.

Өзін бағалайтын қыз, болашақ жарының бойында белгілі қасиеттер болуын қалайды жəне өзі де соған лайық болуы тиіс. Сондықтан бұл жерде талғам да үлкен роль атқарады. Өйткені өмір бойы бірге тұратын жарын, балаларының əкесін таңдамақ. Ер адамның басты қасиеті өзіне сенімді болуы, отбасын асырай алуы, еңбекқор болуы деп ойлаймын. Міне, бұл өте қарапайым, бірақ маңызы зор дүние. Əйел адамы көп нəрсе сұрамайды. Әрине, көпке топырақ шашпаймын, бірақ өзіне сенімсіз, жауапкершіліктен қорқатын жігіттеріміздің бары рас.

Біз қазір көп дүниені еуропадан, дамыған мемлекеттерден үйреніп жатырмыз. Олардың кітаптарын оқып, біз де соған сай дамып, өзімізді жетілдіргіміз келеді. Бірақ, өзіміздегі мəселені (проблема) басқа елден көргеніміз дұрыс болмас. Тек керек дүниесін үйреніп, өз құндылығымызға сай пайдалануымыз керек. Біздің басты құндылығымыз-отбасы. Мысалы, оңтүстік өңірде қыздарға ертерек тұрмысқа шығуды жиі айтса, ал біздің Павлодар жақта кішкентайымыздан "оқыңдар, ізденіңдер" деп көп айтады. Сондықтан барлығы отбасы тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын.

Махаббат Жұмакелді, 21 жаста

Махаббат қазіргі кезде Сәтбаев Университетінің 4 курс студенті. Ол өзінің қазіргі жасында тұрмысқа шығуды ерте деп санайды.

Ата-анам мені өсірді, мектепте білім алуыма жағдай жасады. Енді жоғары оқу орнына түскеніме қолдау көрсетіп, үлкен сенім артып отыр. Ал мен жоғары оқу орнында білім ала жүріп, тұрмысқа шығуды қолдамаймын. Себебі екі кеменің басын ұстаған суға кетеді. Өз басым төртінші курсты аяқтап, екі жыл көлемінде мамандығым бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтығым келеді. Ал оқуды бірден аяқтап тұрмысқа шықтың делік, сонда сен білімді не үшін алдың? Қандай да бір шаңыраққа келін болып түскеннен кейін сенің орындайтын келіндік міндеттерің болады және үйде кем дегенде 2-3 жыл отырасың. Ал отбасыңа көңіл бөлмесең, арада кикілжің пайда болып, шаңырақ та шайқалады. Әрине егер күйеуің отау көтерген жылы бірден жұмыс істеуге рұқсатын берсе, онда ойлануға болады. Бірақ мұндай жағдай сирек кездеседі. Сондықтан алдымен оқуымды аяқтап, жұмыс істеп, 24-25 жаста тұрмысқа шығуды жоспарлап отырмын.

Сонымен қатар қазіргі кезде өз басын алып жүре алмайтын, ата-анасына сеніп алған азаматтарымыз көп. Өздерінің кім болатынын ойланғысы келмейді, мансап жолында өсуді ойламайды, уәдесінде тұрмайды, бос сөзді көп айтады.  Сондықтан еті тірі, пысық адамды іздейтінім де рас.  

Жанар Сейсенбаева, психолог: Бүгінде «аяулы ана», «сүйікті жар» атанатын жасқа жеткен қыздарымыз оң босағада отыр. Бұл тұста тек қыздарға ғана кінә артып қоюға болмайды.Себебі біріншіден, батыстың әсерінен мансаптық өсуді ойлайтын қыздар сонымен қатар ер азаматтардың өз-өзіне деген сенімсіздігі қыздардың тұрмысқа кеш шығуына итермелейді. Қыздар тәкаппарлығынан, мансап қууынан, ақшаға қызығуынан тұрмысқа шықпай жүр деп ойлау қате пікір. Себебі бұрынғы біздің ата-бабаларымыз сияқты келіссе қолдан, келіспесе жолдан алып қашатын нағыз ер азаматқа лайықты қасиетін жоғалтқан, «маған тұрмысқа шық» деп айтуға батылсыз, өзіне сенімсіз, әлсіз азаматтар қатары көбейген. Бүгінгі ер адамдар әйелдің табысына, қызметіне қарайтын заманға жеттік. Шын мәнінде мұны мойындауымыз керек. Осыдан кейін қыздар өз-өзіне сенімсіз ердің қасынан табылғанша, өзіме сенейін деп мансаптық жолды таңдайды. Сөйтіп қыздарымыз білім алып, мансаптық жолда өсеміз, содан соң тұрмыстық жағдайымызды жақсартамыз деп жүргенде жасының отыздан асқанын да білмей қалады. Ал, отыздан асқан қыздарда аналық махаббат жоғалады. Міне, қоғамда осындай бір жайттар орын алуда. Бұған басты себеп жігіттердің өзіне деген сенімділігінің жоғалғаны әсер етіп жатыр. Егер ер азамат қызға өзінің ойын, пікірін, өмірге деген көзқарасын, шын сүйетінін дәлелдеп, ер азаматқа лайықты іс-әрекетін көрсетсе қыздар неге тұрмысқа шықпайды? Міне, барлығын бір жақты қарауға болмайды. Егер ер азамат өз табиғатына лайықты іс-әрекет жасаса, онда мансапшыл қыздар да азаяр еді.  

Ал сіз қыздардың тұрмысқа кеш шығуының себебі не деп ойлайсыз?


Сурет авторы: Асхат Казиев

0 Пікір Кіру