Bugin.kz

Бүгінде қасиетті бесікті қолданатындар қатары аз

Бесікті Орталық Азия, Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтың басым көпшілігі пайдаланады. Дегенмен әр түрлі үлгіде жасалады. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы, өйткені арнайы орнатылатын түбек пен шүмек бала дәретін жаймайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырады. Шүмекті қойдың асық жілігінен жасайды, кейде айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алады. Бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етеді. Сондықтан баланы бесіктен жиі босатып, қол-аяғын қозғап, арнайы жаттығулар жасайды. Бесікпен қоса құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, бесік көрпе даярланады. Бесіктің жер бесік, аспалы бесік деген екі түрі кездеседі. Қазақта бесік қасиетті, киелі, құтты мүлік.

Нәрестені бесікке бөлеу үшін қандай жабдықтар қажет?

  • Ши. Бесік шабақтарының үстіне төселетін шиден тоқылған төсеніш. Түбек бекітілген тұсында ойығы болады.
  • Жөргек. Жұқа, талдырып басылған киіз төсеніш. Осыны кейде қаузау деп те атайды (қаузау киіз).
  • Құс төсек. Жөргектің үстіне төселетін арасына құс жүні салынып қабылған жұмсақ төсеніш. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады.
  • Жастық. Бесіктің енімен сәйкес келетін, арасына құс жүні толтырылған кішкене жастық.
  • Көрпе. Жай матадан әзірленген көрпені жаздыгүні, ал арасына мақта салып қабылған көрпені қыстыгүні қолданады.
  • Кепіл. Нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне кепіл ретінде арнайы тігілген бірнеше кішкене жастықшалар қойылады. Ол жастықшалар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді.
  • Тартпа бау. Тартпа бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады.
  • Түбек. Түбек қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Қыстыгүні сыртына киіз, қайыс немесе былғарыдан тігілген қап кигізіп қояды. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады.
  • Шүмек. Шүмекті ағаштан да сүйектен де әзірлеуге болады. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып әзірлейді. Екінші қарама-қарсы басын шорт кесіп тастап, қырларын егеп жұмырлап қояды. Қыз баланың шүмегін ескі, көп ұсталып майсіңді болған уықтың қарынан (иінінен) жасайды, ойығын ұлдікіне қарағанда сәл сопақтау етіп ойған жөн. Шүмек баланың денесіне баптау үшін қырларын тегістеп жылтыратып, зәрді сорып алмауы үшін майға қайнатып алған соң пайдалана беруге болады.
  • Жабу. Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан тігілген, кестеленген арнаулы жабуы болады. Ол бесікке бөленген жас нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, күн көзінен, суықтан қорғайды

Зейнеп Ахметова бесіктің пайдасы жайлы...

Бесікте бала жылы әрі таза жатады. Жаңа туған және кіндігі енді ғана түскен сәбиді барынша жылы ұстау керек. Өйткені ол суықты тез қабылдайтын әлсіз әрі нәзік. Ал бесіктегі баланы қайта-қайта ашып киімін ауыстыру қажет емес. Бесіктегі баланың таза жататыны өз алдына. Тіпті сәбидің өз дәреті өзіне шашырап былғанбауы  үшін түбегіне күл салынады. Бесік баланы кездейсоқ қауіп-қатерден, құлап қалып бір жерін майып қылудан да сақтайды. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп өмір сүрген көшпенді халық үшін бесік көшуге де өте ыңғайлы болған. Тағы бір мән беретін нәрсе бесікке бөленген баланың мінезіне байланысты, бесікте өскен баланың мінезі жайдары болады. Айталық, сөзге тоқтау, бірін-бірі тыңдау, салмақты болу, сабыр сақтау – барлығы біздің халыққа тән қасиеттер және адамның осылай болып қалыптасуына бесіктің пайдасы ұшан-теңіз. Ал қол-аяғы бос жатқан бала жеңілтек, ұшқалақ, сабырсыз болып өседі. Байқасаңыздар, қазір қазақ халқының мінезінде үлкен өзгеріс бар. Шыдамсыз, бірінің сөзін бірі тыңдағысы келмейтін сабырсыз, кез келген нәрсеге еліктегіш, қызыққыш деген сияқты… Бұл бесікке бөленбей өскен ұрпаққа тән.

Немересіне ертегі айтпайтын әжелер азайып бара жатыр, сәбиін бесікке бөлемейтін келіндер азайды. Мен осыдан қорқамын… (Б.Момышұлы). Бұл – атаның 70 жылдары айтқан сөзі. Өз қолымен жазып қалдырған. Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама ой жатыр. Дәстүрден ажырасақ, ұлттық құндылықты, ұлттық болмысымызды жоғалтатынымызды меңзейді. Нақтылап түсіндірер болсақ, бесікке бөленіп өскен біздің ата-бабаларымыздың мінезі, болмысы қазіргідей болмаған. Мысалы, бесікте жатқан баланы босатқан кезде емін-еркін рақаттанып керілетінін байқаймыз. Ұйқысы тыныш, асты құрғақ әрі таза бала солай өзі керіліп-созылу арқылы өзінің денсаулығын жақсартып тұр. Бүгінде жас келіндердің саналарына толып жатқан әлдебір шетелдік методтар «бала бос жатуы керек» деген түсінік қалыптастырды. Бос жатқан сәби өз қолының қимылынан өз жиі оянатынын, ұйқысының жиі бұзылатынын аңғарамыз, бірақ мән бермейміз. Ал мұның өзі жаңадан қалыптасып өсіп келе жатқан бала мінезінің ұшқалақ болуына кесірін тигізбейтініне кім кепіл?! Мұның өзі біз қазақы болмысымыздан, салмақтылығымыздан, ұлттық  мінезімізден ажырап бара жатқанымыздың бір көрінісі емес пе?! Сайып келгенде, салт-дәстүр, әдет ғұрып жайлы өзіміздің ұлтымызға ғана мәселені сөз етіп келе жатқаннан байқағанымыз – еш нәрсенің негізсіз емес екендігінде, бірімен-бірі астасып жатқандығында, тұтас бір ұлттың ұлттық құндылығы саналатындығында. Бесікті де соның бір айқын бір дәлелі деуге болады.

 Бұл күндері мерекелік іс-шараларда, әсіресе Наурыз мейрамында міндетті түрде салт-дәстүр үлгілері көрсетіледі. Оның жасандылығы бірден байқалады. Мұндай шараларда кәдімгі бала бөлейтін бесікке қуыршақ салып тербетіліп, ананың әлдиі, бесік жыры айтылады. Осындай көріністерді сахналардан жиі көріп жүрміз. Біздің қазақ халқы бесікті қасиеттейді, ешқашан бос бесікті тербетпейді. Ол – жаман ырым. «Бос бесік тербетіп қалды» деп перзенті шетінеп кеткен ананы айтады. Бәрінен сорақысы – он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланың бос бесікті тербетіп, бесік жырын айтатыны. «Ойын көрсеткенде тұрған не бар» десе де, бұл қазақ ұғымына қайшы келеді, халық педагогикасына жатпайды. Салт-дәстүрді насихаттау деген желеумен бұрмаланып жатқан істеріміз, өкінішке қарай, баршылық. Көзге де, көңілге де томпақ көрінетін көріністерді байқағанда «әттеген-ай» деп қоя салуға да болады. Бірақ біліп тұрып айтпаса, ол да күнә дейді. Ал біз үшін біреулер сырттан келіп балаларымызды ұлтттық өнегемен өсіріп бермейді. Өйткені жас ұрпақ – өзіміздікі, егемен еліміздің иесі – солар! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген Мұқаңнан (М.Әуезов) артық не айтуға болады?! Өйткені ұлттық мінез бесіктен қалыптаспақ…

                                                                                                  Сурет авторы: Zaman.kg

0 Пікір Кіру