Сақ ханшайымы - Зарина - на woman.bugin.kz
Ажар Орынбасарова  - на woman.bugin.kz Ажар Орынбасарова

Сақ әйелдері тумасынан жаужүрек келген. Олар тарих төрінде ерекше сақталған

Грек авторы Ктеси: «сақ әйелдері ер-жүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетеді». Тарих жолында ерекше орын алатын жаужүрек, батыр сақ тайпасы аталса, бірден ойымызға сақ патшайымы Томирис келеді. Ал сіздің қайсар сақ ханшайымы Зарина туралы естуіңіз бар ма?

Зарина - сақ патшасының қызы, Мермер қолбасшысының әйелі, Роксанаки қаласының билеушісі. Бұл қала Сырдария жағалауында,  кейіннен Сығанақ қаласының іргесі қаланған аймақта орналасқан. Тарихта сақ ханшайымы Зарина жайында оны әділеттілік пен патриотизм символы ретінде  көрсететін тамаша аңыз қалған.

Зарина «амазонка» деп аталатын қыздар отрядын басқарған. Сақтар өздерінің салты бойынша 13 жасынан бастап қыздарын садақ ату, найзаласу, қылыштасу сияқты соғыс өнерлеріне үйреткен. Амазонкаларға өзін ұрыс  алаңында көрсетпей тұрып күйеуге шығуға рұқсат етілмеген. Көбінесе олар өз намыстарын өздері қорғап, қандай жағдай болмасын батылдық танытқан.

Парсылар сақтардың ежелден бергі жаулары болатын. Ұзаққа созылған соғыс екі елді әдбен мезі қылады. Күндердің күнінде Зарина бастаған амазонкалар аңға шығады. Қала маңынан олар ешқандай олжа таппайды. Өйткені ол алдыңғы соғыс кезінде құрып біткен болатын. Құлан мен киікті торып жүрген қыздар Үстіртке бет алады. Жанынан өте шыққан құланды қуа жөнелген  Зарина өз тобынан алысқа ұзап кетеді. Кенеттен оның алдынан жау әскері шыға келеді.  Сақ әскері сауытын киген, аяғына оқ қадалған Заринаның артынан қуғын басталады. Мидияндықтардың басшысы сақ ханшайымын қуып жетеді. «Жауынгерді» тұтқындаған ханзада оның басын алмақшы болып қылышын көтере береді. Жауынгер шегініп, қарсы шайқасқа ұмытылады, бірақ осы кезде оның басындағы дулығасы ұшып түсіп, иығына толқындалған ұзын қолаң шашы төгіліп құлайды.  Ханзада өзінің алдында сұлу қыз  тұрғанын көріп ойынан қайтады. Бұл ханзада Мидия билеушісі Стриангей еді. Ол да дәл осы күні достарымен серуендеуге шығыпты. Жас ханзада Заринаның сұлу жүзін көріп оған ес - түссіз ғашық болады.  Заринаның да бойынша сондай бір сезім пайда болады. Олар бұдан былай сақтар мен парсылардың арасында жауластықты жоймақ болып серттеседі. 

Бірақ олардың арасында сезім бар екенін сезіп Стриангейді жазаламақшы болған Заринаның күйеуі Мермер түседі. Мермер Заринамен кездесуге келген ханзаданы екі мемлекет шекарасынан ұстап алып Роксанакиге әкеледі. Ал Стриангей Заринаға кездесуге әскерсіз келуге уәде берген болатын. Зарина күйеуінен екі ел арасына от жақпай, парсы ханзадасын жібере салуды сұрайды. Бірақ Мермер Стриангейдің өз олжасы және жау екеніне сүйенеді. Зарина өзінің патшайым екендігін пайдаланып, ханзаданы босатуға бұйрық береді.Мермер бұйрыққа бағынбайды, сөйтіп жанындағы өзінің оққағарынан қаза табады.  Сол кезде Зарина өз тайпасына отты жанармен қарап тұрып, өр дауыспен былай дейді: «Маған жүзедеген және мыңдаған  адамдардың өмірі бір қолбасшысының өмірінен анағұрлым қымбат. Мейлі ол менің күйеуім болсын, бірақ маған халқым қымбат! Босатыңдар парсы ханшадасын!» деп бұйырады. Солай ханзада босатылады. Ал ханзада сақтардың қонақжайлығына күә болады. Тек еліне қайтарда Заринадан өзіне тұрмысқа шығуын сұрайды. Зарина бұл өтінішке бір жылдан кейін жауап беруге уәде береді. Бір жылдан соң, олар екі елдің шекарасында қайта кездеседі. Бірақ Зарина өзінің тұрмысқа шығуының  сақтардың тәуелсіздігін жоғалтумен бірдей болатындығын түсініп, ханзадаға күйеуге шығуға келісім бермейді Ол өз Отаны үшін сүйгенін құрбан етеді. Осылай  Зарина батыл патшайым ретінде тарихта қалады.


0 Пікір Кіру