Қаракөз Амантай

«Қазақ не үшін тоқал алды?» деген сұраққа жауап іздемекпіз

Кейінгі кезде тоқал мәселесі тренд болып тұр. Жұрт екіге бөлініп ап, бірі жақтайды, бірі даттайды. Жә, бұл мақала кімдікі дұрыс деген мақамда өрбімейді.

Құлағымыз ең көп шалатын сөз бар, ол – «бабам қазақ 4 әйел алған». Негізі, рас. Атамыз төртке дейін әйел алған. Бірақ, нәпсінің жетегінде кеткеннен немесе жетіскеннен емес. Қажеттіліктен.

Сонымен елестетіңіз. ХVIII ғасырдың орта шені. Болашақта 4 әйел алатын кейіпкеріміздің дәл қазіргі жасы 17-де дейікші. Осы жаста үйленіп үлгермесе, ертең соғысқа алынады. Шәйіт кетуі де мүмкін. Себебі, бұл заманда қазақтың айналасы анталаған жау еді. Жоңғармен жағаласып, орыспен ойрандасып, қоқанмен қан-жоса боп төбелесіп жатқан кез.

Шежіресі жалғассын деген ниетпен үлкендер жағы әлгі балаң жігітті үйлендіреді. Бұл кезде қандай махаббат? Сен бесікте жатқанда-ақ әкең біреумен құдаласып қойған болады. Сол қызбен некеңді қияды. Бітті! Жақсы көруге тиіссің. Жақсы көріп кетесің де. Себебі «руы бөтен» ең жақын ауыл мың шақырым алыста... Айналадағы ауылдың барлығы өз туысқандарың.

Уақытты жылжытайық. Әлгі кейіпкеріміздің жасы 25-30-ға келді. Осы кезге дейін бірнеше шайқасқа қатысып үлгерді. Алла тағала мұны бар соғыста аман алып қап отырды. Бірақ, өзімен бірге жорыққа кеткен аға-інілері қайтып оралмады. Ал олардың арттарынан шиеттей бала-шағасы, жас келіншегі қалды. Әмеңгерлік деген жақсы дәстүр бар. Жетімді жылатпайды, жесірді қаңғыртпайды. Біздің жігітіміз 25-30 жасында екінші әйел алады. Ағадан қалған жеңгені...

Уақытты тағы сырғытайық. Кейіпкеріміздің жасы қырықтың қырқасына шығады. Дәулеті бар болса, үшінші әйел алады. Бұл жолғысы қажеттіліктен емес. Ұнатып жүргенді алады. Енді 40-тағы жігіт-ағасының жүгені өз қолында. Батыр не би деген аты бар. Руаралық, еларалық дауға қатысып, шешім айтып жүретін кез ғой бұл 40 жас дегенің. Әлгі қамалды бұзатын шақ! Сол кезде қамалды қойып, хас сұлуға көзі түседі. Көреді де, құдаласады. Ауылға алып келеді. Сонымен 3-ші әйелді алды ма? Алды!


Тағы да уақытты зымыратсақ. Кейіпкеріміз ақсақал болуға жақындаған уағы. Жасы елуді еңсеріп, алпысты алқымдауға келе жатыр. Бірақ тақым мықты. Ал әжелеріміздің жатыры ескірген. Бала көтере алмайды. Ал қазаққа баланың көп болғаны керек. Көшпенді өмір оңай емес. 10 бала туса, соның тек бес-алтауы ғана аяққа тұрып, адам болып кетеді. Бірақ, ат жалын тартып мінер уақытта, жұқпалы аурудың тырнағына іліксе, сол 5-6 тұяқтан да көз жазып қалу оп-оңай. Одан тірі қалғанды соғыс жалмауы мүмкін...

Қысқасы, көшпендінің баласының көп болғаны ләзім. Биологиялық бұйрық – бағзы жұбайлар жарамаса, жаңасын һәм жастауын алу керек деп зіркілдеп тұр. Кейіпкеріміз төртінші рет 20-30 жас аралығындағы қызды некелейді.

Міне, атам қазақтың не үшін 4 әйел алғанының себебі. Бірден ескертейін. Көп әйелді иманы мен шамасы жеткені ғана алған. Яғни, тоқал алу дәулетті кісілердің шаруасы.

Дәулетті демекші, сізге бір қызық жайтты баян етейін. Осы бай-бағланның арқасында қазақ бірінші аштықта үлкен демографиялық орға түсіп кетпей, аман қалды! Ол былай болған: коммунистер 1918 жылдан бастап халықтың қолындағы бүкіл малын тартып алады. 1922 жылы қазақ жерге нәр таппай, 1 миллион 700 мың адамынан айырылады. Алаш арыстарының бар жерден жылу жинап, жоқ жерге мал таратуының арқасында жағдай түзеледі. Арада 10 жыл өтеді. Қазақ бірінші аштықта жоғалтқан санын қайта түзейді. Яғни, осы он жылдың ішінде 1 жарым миллион бала туады! Ол кімнің балалары? Әрине, бай-бағланның балалары. Осы көп әйел алушылықтың арқасында біздер бірінші аштықтың демографиялық қасіретінен тез құтылып кеттік.

 Екінші аштық 1932 жылы келді. Ол кезде Совет үкіметі мықтап орнап, көп әйел алушылыққа тыйым салынып еді. Сол 32-нің демографиялық орынан әлі шыға алмай келеміз. Себеп – көп әйелмен көп бала қалдыру мүмкіндігінен айырылған едік...

Түйін. Тоқал мәселесі қатты өршіп тұрғандай көрінетін мынау заманда тоқал алған жігіттердің саны күллі ер азаматтың 1 пайызға әзер жетеді екен. Ал, Абайдың тұсында көп әйел алған жігіттердің саны 13-15 пайыздың төңірегінде болған. Әлеуметтанушылардың дерегіне сенсек, біз көп сөйлейміз, әрекет жоқ. Берекетті де әрекетке қарай бермей ме?

Нұрбек Бекбау

Дереккөз: e-history.kz

0 Пікір Кіру