Мереке Зейноллақызы

Қазақ қызының ар-намысы тапталып жатқан заманда пайда болған жағдайға бой ұсынбай проблеманы шешудің жолы қандай?! Қазақ қызын арынан айыруға не себеп және итермелеп жатқан кімдер деген сауалға жауап іздеп көрдім.

Елімізде қазіргі таңда аяулы қыздарымыздың ар-намысы, абыройы, ұяты қызу талқылану үстінде. Ертеден қыздың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген баба ұстанымы ескірді дейтіндер де, үлкендер ақылын таңдауға жастар құлықсыз дейтіндер де жетерлік. Журналистік эксперимент жүргізе келе, қазақ қыздарымызды жолдан тайдыратын көптеген ұйымдарды әшкереледім. Қазір қыз балалардың он алты жастан бастап қомақты қаржы тауып, өз қажеттілігін ғана емес, өмірге бейімделе алмаған жақындарын да асырап отыруға мүмкіндіктері бар. Дегенмен жеңіл табыстың ақысы – ұят пен абыройдан айырады. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, «қазақ қызы, қайда барасың бұзылып?», «үйленетін ҚЫЗ қалмады», «тәрбиелі, инабатты арулар жоқтың қасы» деген пікірлерді көзіміз жиі шалады. Бірақ, қыздар бұзылды деп емес, неге, КІМ оларды бұзып жатқан деп тереңнен қарау керек секілді. Болашақ саналы, таза ұрпаққа жарық дүние сылайтын арулардың не себепті тәрбиеден тайып жатқанын білсек, проблеманың шешімі деп табылып қалар. Экперимент барысында мен еліміздегі ОЛХ, Маркет, Работа.nur.kz тегін жарнама өтінімдерін алдым. Іздеген жұмысыңызға қажетті критерийлерді жазасыз да, көңіліңізге ұнаған хабарландырумен танысып, сұхбаттасу уағын белгілей бересіз. Бәрі оңай сынды. Барлық жұмыс талаптары тек кездесу барысында түсіндіріледі: жұмыс бағыты, «құрметті қонақтар» және ең бастысы, күнделікті қолыңызға берілетін еңбек ақыңыз. Жоғары табысты  үрімдей жас қыздарға арналған мамандықтар тізімінің көш басында веб-модель, уқалаушы, яғни массажист, шет елден келген құрметті «қонақтарды» қарсы алу міндетін атқарушы хостесс сынды ұсыныстар бар. Телеарнадағы сұлу әпкелерін көріп өскен кез-келген қыз модель немесе сәнбике болуды армандап өседі. Сол арманның қылауын ұстап, қыздарды қызықтыру үшін жұмыс берушілер де мүмкіндікті қалт жібермейді.

Талқылайық, веб-модельдің құзыретіне теңгелеп емес, долларлап аударым жасайтын шет елдік ер азаматтардың көңілін интернет желісі арқылы онлайн көтеру болып табылады. Табысы-жоғары, ақысы-қыз баланың құнды қағаз үшін тәнін жалаңаштап, өзгенің уақытша қуыршағына айналады. Қонағының көңілін жақсылап тапқан ару бір тәулікте ақштың 500 долларынан артық табыс таба алады. Ақылы әлі толыспаған көңілі бала қыздарды елітеді ме? Елітеді! Келесі екі мамандықтан айырмашылығы-бәрі онлайн. Солай «арын» сақтаймыз деп, намысын таптатып жатқан қыздарымыз не сан. Тіпті, қазірдің өзінде біз сіздермен Ар мәселесін талқылап жатқанымызда, қыздарымыз намысын сатып, ер адамдардың ермегіне, көрінгеннің құшағында, төлегеннің құлына айналып жатқанын ойлаңыз.


Айтпағым, қазақ қызының онсыз да кірлеген абыройына күйе жаға бергенше, шешімін табудың жолын ізделік. Шешімі-тәрбие, одан соң қоғам. Қоғамдағы ер адамдарға қыздардың тәнін сатып алып көру қажетсіз болса, «ақылдылар» табыссыз бұл бизнес түрін доғарады емес пе? Сонда табыс табудың жол-адал еңбек пен білім қалады. Ол дегеніңіз- саналы болашақтың іргетасы.

0 Пікір Кіру