«Сен филолог емес, наданологсың!» - деп зірк еткізді - на woman.bugin.kz
Құсқанат Айым - на woman.bugin.kz Құсқанат Айым

Мұндай керемет терминді ешбір сөздіктен таппайсыз, тек атамнан ғана естуге болады

...1973 жылдың қараша айының соңғы күндерінің бірінде ертелетіп телефон шырылдады. Телефон соққан адам өзінің Ленинградтан келгенін, атамның жолдасы Кәрім Мыңбаевтың баласы екенін айтып, үйге келуге рұқсат сұрады. Бірден «келіңіз» дей алмадым, әлгінде атам ұйқысынан оянған бетте: «Сағат онға машина шақыр, баспаға барамын», - деген. Сыртынан билеп, жоспарын бұзармын, неде болса бұл жігітке жауапты өзі берсін деп телефонды атама апардым.

- Кім? – деді.

 - Кәрім Мыңбаевтың баласымын дейді.

 - А-а-а! – Дауысы таңырқай шығып, телефон трубкасын қолымнан тез ала қойды.

 - Тыңдап тұрмын. Иә, иә Тимурмын дейсің бе? Аман-саусың ба, айналайын? Кел, кел, мен үйдемін. Адресті білесің бе? Онда тіпті жақсы. Ал көріскенше. – Сөздерін қысқа қайырғанмен, үйіңде еркелеткендей ме, өзімсінгендей ме, жақын тартқан бір әдемі жылылық бар.

 - Машина шақырып қойдың ба? – деді маған бұрылып.

 - Әлі ертелеу болған соң...

 - Енді керегі жоқ. Бүгін ешқайда бармаймын, қазір қонақ келеді.

        Телефонның ұзын бауын жүре жинастырып шығып бара жатыр едім, қолымен белгі беріп, мені тоқтатты.

-        Кәрім Мыңбаевтың кім екенін білесің бе? – деді.

-        Жоқ. – Атам жауабымды жаратпай тыжырына қалды.

-        Шынымен білмейсің бе? – Дауысының екпініне қарағанда, іштен тепкен бір ашу келе жатқан секілді.

«Жоқ» деген сөзді қайталауға бөгеліп, үндемей төмен қарадым. Менің көзқарасымнан сұрап тұрған адамын білмейтінімді ұқты, ұқты да жазғыра бастады.

-        Бұның ұят екен, шырағым, осы кезге дейін шошқа тағалағансың ба? Мектепте, университетте не оқыдың? Қайда жүргенсің өзің?

Не дейін, білмегенді білемін деп қалай жалған айтпақпын. Ұстаз алдында жазықты болған шәкірттей кінәлі кейіппен үндемеген күйі тұра бердім.

-        Кәрім Мыңбаев – биология саласында қазақтан тұңғыш шыққан үлкен

ғалым. Понятно? – деді әр сөзін нығырлай.

Мен кішкене жеңілденіп, еркін тыныстай бастадым. Биологияға қатысым болмаған соң, Мыңбаевты білмеуім кешірімді секілді көрінді.

-        Ата, мен биолог емес, филологпын ғой, - дедім батылданып.

-        Сен наданологсың! – деп зірк еткізді.

Мұндай керемет терминді ешбір сөздіктен таппайсыз, тек атамнан ғана естуге болады. Дәл қазір бұртиып өкпелеудің де, қызық көріп күлудің де реті жоқ. Үндемеуін үндемей-ақ тұрмын, бірақ сұрымның қаншалық салмақты көрініп жатқанын қайдам, әйтеуір, атамның шаншыла қараған жанары орнымнан қозғалтпады...

-        Қайырлы таң, папа! – Ту сыртымнан Бақыттың жайдары дауысы естілгенде қуанып кеттім бе, атамнан бұрын жауап қатып:

-        Қайырлы таң! – деп елпең етіппін.

Атам баласына немқұрайдылау басын изеді де, маған саусағын безеп қатқыл үнмен:

-        Егер мына Бақытжан болмаса, сен мені көрмес едің, - деп кілт теріс бұрылды.

Бақыт әкесіне аңырая қарап, иығын бір қозғалтты да, ваннаға беттеді, мен сол орнымда телефонды құшақтап әлі тұрмын. Осы әлгінде айтып жатқанымызға мағынасы маңайламайтын сөзге таңғалып, қапелімде не ойларымды білмедім. Әйтсе де, бұл жерден енді неғұрлым тезірек кеткен жөн екенін аңғардым. Атам жаққа сақтана көз тастап есікке қарай жылыстадым...


                  Бауыржан Момышұлының келіні   

        Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабынан 


0 Пікір Кіру