Қыздарға не жетпей жатыр?  - на woman.bugin.kz
Бахаргүл Бердіхан - на woman.bugin.kz Бахаргүл Бердіхан

Асқар Қолғанатұлы

Ауыл мен қала, көше мен дала сапырылыса араласып кеткен ғасырда қазақ қыздарын ауылдың «қазақбайский» қыздары немесе қаланың «гламурный» қыздары деп бөле алмайсыз. Себебі бір-бірінің мәдениетін бойына барынша сіңірген қыздар бұрынғыдай «мекен-жай мәдениетіне» бөліне қоймайды. 

Ол ауыл болсын, қала болсын, мекиен даладағы алақандай ғана қоныс болсын, интернеттен алған өнеге «топырақ таңдауға» шама бермейді. «Құлақтан кіріп, бойды алып барады». Көз алдыңда көлбеңдеп, өңді алып барады.

Мен қазір қоғамдағы қыздарды үш топқа бөлемін. Олар: 1) Дінге берілген, «мода қуаламайтын» қыздар; 2) Дінге мүлде сенбейтін, «бүгіннен рахат ал!» деген ұстанымдағы «мода қуалайтын» қыздар; 3) «Таразының басын тең ұстағысы келетіндер». 

Әуелі, өзім жіктеген осы үш топты сипаттап көрейін: 1) Дінге берілген, «мода қуаламайтын» қыздар. Бұл топқа жататын қыздар көбіне хиджаппен жүреді. Сонда да әлдеқандай жасанып алады (мысалы, көзі сүрмелі, не ерніне далап жағып алған, кей жағдайда бір тонна макияжға көміліп жүреді). Әрине, ешкімнің ішін сыртына қарап тани алмаспыз, бірақ олардың әлдене жасырып жүретіні байқалады. Әркімнің әрқалай топшылауына рұқсат. Мүмкін өздерінің де еркіндікті қалайтынын жасырғысы келер...

Екінші түрдегі қыздар, өздерін барынша ашық, еркін, жасампаз ұстайды. Заманауи стильде киінеді. Көбіне соңғы модельдегі ұялы телефон, сағат, түрлі әшекей бұйымдарын (не керек, бәрі жаңа) жанынан бір елі тастамайды. Қызығы, (почти) бәрі жаңадан шығып жатқан әндерді ғана тыңдайды.

Үшінші топтағы қыздардың дені шығармашылықпен айналысатындар, я болмаса барынша «ескі» тәрбиеде өсіп, «рухани жаңғырғысы» келетін бойжеткендер. Қараптан-қарап қаралай беруге болмас, психологиялық дамуы қалыпты, ішкі иммунитеті мықты қыздар да осы топтан. 

Ойымды жақсы түсіндіңіздер деп ойлаймын. Іштей мақұлдап отырғандарыңыз да бар шығар. Қазіргі таңда мен жіктеген үш топтағы қыздардың барлығына (дерлік) әлдене жетіспейді. Ол – ерекшелік. Ешкімге ұқсамайтын «мені». Бірдей сән, тыңдайтын бір ән, көпшілік қалыптастырған жалпылама мораль қаракөз қыздарымыздың «жеке әлемін» жұтып барады (көпке топырақ шашпаймын). Сенбесеңіз, тура қазір көшеге көз салыңызшы. Сол маңайдан өтіп бара жатқан қыздардың сыртқа тұлғасына бажайлап қараңызшы. Аурасын сезінуге тырысыңызшы. Айырмашылық байқадыңыз ба? 

Көпке топырақ шашпаймын. Айтпаса сөздің атасы өледі, табиғаттан дарыған ішкі «мен» жоғалып барады ғой. Өз ерекшеліктеріңізді сағындық, қыздар!

0 Пікір Кіру