Кеңес Одағынан бүгінге дейін: Әскери қызметте танымал болған нәзікжандылар - на woman.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на woman.bugin.kz Қаракөз Амантай

Қазақтың қызы елеусіз жүріп, ел басқарады,үнсіз жүріп, ұлт басқарады

Алпамыс батыр: "Мен орнымнан тұрғанша, есіктен шығып кететін, есіктен шыққанша жауға жететін, мен жауға жеткенше, жауды жеңіп келетін жар керек!" деген екен. Дәл сол уақыттағы қазақ қыздарының бойына сіңген ержүрек, батылдық сынды қаситтер ғасырлар бойы маңыздылығын жоғалтпай келеді. Қазақ қызы өзінің сұлулығымен, инаббаттылығымен, ақылдылығымен, парасаттылығымен қатар батырлықты да жанынан тастамады. XVI-XVIII ғасырдың арулары намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсетсе, ХХ ғасыр басында елімізге қауіп төнген екінші дүниежүзілік соғыста батылдық танытқан Мәншүк, Әлия, Хиуаздар халықтың мәңгі мақтаны. Ел басына қиындық түскенде батыр қыздарымыздың ерлігі ерекшелене көзге түсетінін тарих та, өмір де дәлелдеп келеді.

Бүгінде әскерге қыз-келіншектерді қабылдайтын бірден-бір ел-Израиль. 1948 жылы Израиль өзінің егемендігі үшін күресте әйелдер белсенділік танытып, ерлермен қатар қанды шайқасқа қатысқан. Содан бері сол елдің азаматтары (ұл, қыз болсын) міндетті түрде 18 жасқа толғанда ер-азаматтар 36 айға, қыздар 24 айға әскерге шақырылады екен.

Ал қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінде нәзікжандылар қатары да жыл санап артып келеді. Еліміздің Қарулы күші қатарында шамамен 9000 әскери қыметші әйелдер бар. Олардың 11% офицерлер: полковниктер саны — 12, подполковник — 31, майор — 145, капитан — 256, аға лейтенант — 277, лейтенанттар — 147.

Бүгін әскери салада қызмет еткен, қымет етіп жүрген қазақ қыздары туралы әңгіме өрбітсек. 

Кеңес Одағының әскери саласының батырлары 

Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова

Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова — 1922 жылы Орал облысы Бөкей Ордасы ауданында дүниеге келген. Ол-қазақтың қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры. Шын есімі-Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен.

Мәншүктің туған әкесі - Жиенғали Мәметов. Бірақ Жиенғалидің інісі Ахмет Мәметовте бала болмаған соң, 1925 жылы Мәншүкті сол кісінің қолына берген.

Ахмет Саратов қаласында оқып жүргендіктен, Мәншүкті өзімен бірге сол жаққа алып кетеді. Көп ұзамай аласапыран заман басталады да, Ахмет бірнеше жыл ағасымен хабар алыса алмай қалады. Кейін 1931 жылы Алматыға келгеннен соң, жылдың соңында бір-ақ естиді: ағасы Жиенғалидің аштықтан көз жұмған екен. Ахмет Мәметов - қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, өзі Алашордашы, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан. Сондықтан да 1938 жылдың қаңтар айында ұсталып кетеді.

Ахметтің әйелі Әмина Мәметова - Әбілқайыр ханның тұқымы. Атасы молда, әкесі елге сыйлы адам болған, өзі патша заманында әйелдер гимназиясында оқыған, Саратовта аспирантура бітірген, елге келген соң әдебиет пәнінің мұғалімі болып, сол кездегі газеттерге сыни мақала жазып тұрған.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді.1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-нші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

Оған көрсетілген құрмет

Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады.

Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған.

Невель, Алматы, Орал, т. б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар.

Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады.

Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы — А. Михалков-Кончаловский, режиссері М. Бегалин) көркем фильм түсірілді.

Әлия Нұрмұхамедқызы Молдағұлова

Ә. Молдағұлова, 1995 Қазақстан пошта маркасы, (Michel № 89)

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова 1925 жылы 15 маусымда (кейбір деректерде 25 қазан, 20 сәуір) Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Ол Кеңес Одағының Батыры, мерген, ефрейтор. Шын есімі-Ілия, майдандас достары «Лия» деп атапты.Бала кезінде анасынан ерте айырылып, кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибаррури, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай 1942 жылы Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері майданға жіберу туралы өтініш жібереді.

1943 жылы Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.

Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.

Әлия есімімен көшелер, ондаған мектептер (Мәскеудегі № 891 орта мектебі, Шымкенттегі № 29 орта мектебі, Новосокольники № 72 орта мектебі, Оралдағы № 38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург , Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей жұмыс жасайды.

Ә.Молдағұлова атындағы көшелер

Ақтөбе, Мәскеу, Санкт-Петербург, Тараз, Астана қалаларында

Хиуаз Қайырқызы Доспанова

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы мамырдың 15 Ганюшкин ауылында (қазір Атырау облысы) дүниеге келген. Әкесi  Қайыр — балықшы, анасы Меруерт — мұғалiм болып еңбек еткен. Хиуаз Доспанова — Екінші дүниежүзілік соғысының қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқышы, жауынгер, батыр, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы.

Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз... Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын.

Ол 2008 жылы мамырдың 21 Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды.

Жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайтқан Хиуаз ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Жаумен шайқаста асқан ерлік көрсете білді. Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған. Майдандағы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ал төсіндегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегінің жемісі.

Соғыстан кейінгі жылдар

Хиуаз Доспанова «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Х. Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш генералы

Сәуле Мұханбедианқызы Айтбаева

Сәуле Мұханбедианқызы Айтбаева 1960 жылы 22 мамырда Торғай облысы Жақсы кентінде дүниеге келген. Қазақстандағы ең алғаш генерал атағын алған бірінші әйел. Сонымен қатар Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс төртінші сессиясы барысында Ақмола облысының әкімі С.Кулагин— Сәуле Айтпаеваға салтанатты түрде «Ақмола облысының құрметті азаматы» белгісі мен куәлігін тапсырып, марапаттады.

Қызметтік жолы

1977 жылы - Торғай облысы Жақсы аудандық прокуратурасы кеңсесінің меңгерушісі.

1978 жылы - Торғай облысы Жақсы аудандық комсомол комитетінің машинисі.

1979-1983 жылдары - Р.А.Руденко атындағы Свердлов заңтану университетінің «құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түсті.

1983 жылы - Целиноград облыстық прокуратурасы Ленин аудандық прокуратурасының тәлімгері.

1984 жылы - Целиноград қаласы Ленин аудандық прокуратурасының тергеушісі.

1985 жылы - Ақмола облысы прокуратурасының ішкі істер органдарындағы тергеу мен анықтауды қадағалау жөніндегі бөлімінің прокуроры.

1988 жылы - Ақмола облысы прокуратурасы кадрлар жөніндегі прокурорының көмекшісі.

1992 жылы - Ақмола облысы прокуратурасының ұйымдастыру-талдау бөлімінің прокуроры.

1996 жылы - Целина көлік прокуратурасының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс жөніндегі аға прокуроры.

1997 жылы - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығының (ҚСжАО) алғашқы есепке алу құжаттарын, есептілік және әдістеме нысандарын әзірлеу және енгізу бөлімінің бастығы.

1998 жылы - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы ҚСжАО (Д) бастығының орынбасары - Астана қаласындағы статистика басқармасының бастығы.

1999 жылы – ҚсжАО (Д) бастығының орынбасары - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы ҚСжАО (Д) статистиканы қалыптастыру басқармасының бастығы болды.

2001 жылы - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы ҚСжАО (Д) бастығының орынбасары.

2003 жылы - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Төрағасыны орынбасары.

2005 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Мемлекет басшысының 2012 жылдың сәуіріндегі Өкімімен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы болып тағайындалды.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Парламентінің Сенатының Депутаты

Марапаттары

«Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері» (2001) атағы бар,

«Ерен еңбегі үшін» (2005),

«Астананың 10 жылдығы» (2008),

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011),

«Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл» (2011) медальдарымен марапатталған.

Екінші дәрежелі «Даңқ» Ордені (2014)

0 Пікір Кіру