Қазақтың қаһарман қыздары - на woman.bugin.kz
Асылай - на woman.bugin.kz Асылай

Майдандағы нәзік жандылар

Адамзат тарихында әйел затының көп көлемі қолына қару алып, кеудесін оққа тосқан шайқастардың бірі Екінші Дүниежүзілік соғыс еді. Қызыл әскер қатарына қосылған нәзік жандылар ерлермен бірге әскери қызметті тең атқарып, майдан шебінде ерекше көзге түсіп, жаудың бетін қайтаруға ат салысты. 

Ресми деректерде Қазақстаннан соғыс даласына 5250 ару аттанды десе, алты томдық еңбектің авторы Жұмабай Доспановтың мәліметтерінде сегіз мыңға жуық әйел адамы қатысты дейді. Бүгін біз майдан даласында ерлік танытқан атыраулық қос батыр қыздарымыз туралы әңгіме өрбітетін боламыз.

«Мен бармасам, кім бармақ?»

Дәл осылай айтып, ерекше рухпен майданға аттанған батыр қыздарымыздың бірі - Гүлжамал Абдрахманова. Ол танымал экономист әрі мұнайшы Бахтияр Абдрахмановтың ең үлкен қызы.

Жастайынан сұлу боп өскен қыздың болашағынан әдемі үміт күткендер де көп еді. Мектеп бітіргеннен соң Астрахань қаласына барып, дәрігер болуды мақсат еткен қыздың бар арманын сұм соғыс басталып мүлде өзге арнаға бұрды. Елім деп туған ерлердей, жұдырықтай жүрегіне халқына деген ең асыл махаббатты сыйғызған ару талдырмаш денесіне қарамастан отты рухпен жауға қарсы соғысқа аттануға өзі сұранады. Тіпті, оның бұл ойын әкесі де қолдап, Гурьвтегі Әскери Комиссиаратқа майданға аттануға өз еркімен сұранған жандар қатарына тіркейді.

1942 жылдың 22 шілдесінде қан майданға аттанған батыр қызымыз  байланыстырушы, телефонист, радист қызметтерін атқарады.  Ұрыс даласында ерекше ерлігімен көзге түскен жауынгер Сержант дәрежесін алған соң,қытай аумағындағы Порт-Артур ауданында  әскери операцияларға қатысады. 1945 жылы соғыстан оралған батыр қыздың кеудесіне «Жауынгерлік Ерлігі үшін » медалі тағылады.

«Ақ түйенің қарны жарылған» жеңісті күннен кейін Гүлжамал Абдрахманова артынан ерген іні, сіңлілеріне көмектесу үшін, бірден қызметке тұрады. Бұл жолда оған өзінің ері, майдангер батыр Сабыр Қазыбаев көмектеседі. Сабыр Қазыбаев - КСРО мен Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, профессор. Бүгінгі таңда қаламыздағы №1  мектеп интернаты 1998 жылы дүниеден озған, Ленин орденінің кавалері Сабыр атамыздың атымен аталады.

Өз Отаны үшін жанын беруге даяр болған Гүлжамал Абдрахманова артынан ерген жастармен кездесуде тәрбие мен тағылымы мол әңгімелерін айтып жүретін.

«Менің жасым ұлғайғандықтан соғыс даласындағы көп дүниелерді еске түсіруім қиындап барады. Әйткенмен бір ғана білетінім, соғыс адамзаттың, ондағы жауынгерлердің қасіретіне айналды. Бірақ келер ұрпақ Екінші Дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен барша ардагерлерді ұмытпай, ұлықтай білуі тиіс. Жаудың бетін қайтаруда ерлік көрсеткен, оларға қарсы қасқайып қарсы тұрған батырларымыз бен тыл ардагерлерінің еңбегі көл-көсір »

Медбике қыз

Әкесінің соғыс даласында дүниеден өзғанын білген Вера Буянова 17 жасқа толар толмас шағында-ақ  фашисттерге қарсы қанды майданға өзі аттанады. Кеудесін оққа тосқан жаралы солдаттар мен хал үстінде жатқан талай батырларды емдеуді адамдық, азаматтық борышым деп ұққан шынашақтай қыз өз еңбегін адалдықпен атқарып, талайларға күш-жігер, дем береді. 

Тіпті ұрыс даласында құтқарамын деп, алайда қолынан демі таусылған “кәтәпті нарларды” анасы мен сүйген жарындай қимастықпен қоштасып, жылай отыра, бақиға аттандырған. Соғыста жүріп көзін салған солдаттарға арман болған батыр қыз бұйра шашты Миша Буяновтың жүрегінен ерекше орын алады. Қос батырды екі тарапқа айырған майдан шебі кейін оларды қайта жолықтырады. 1945 жылы Жеңісті күннің шуағы шашылғанда Миша Буянов медбике қызды Гурьевке әкеледі. Осылайша ресейлік қыз өзіміздің жерлесіміз атанады.  Соғыстан соң қызметі мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген Вера әжеміз Эльза Николаева мен Анна Захаровалар құрған  «cоғыс ардагерлері» клубына мүше болады. 

Ал осыдан 20 жыл бұрын құрылған ардагерлер хор ұжымы ерекше танымалдылыққа ие болып , халық әртістеріне айналып үлгеріп еді. Олардың қатарында болған Вера Буянованың да жүрек қылын шертер әдемі үні тыңдаушының құлағында әлі сайрап тұрғандай...

                                                                                             Асылай Ниязбаева


0 Пікір Кіру