Ана... - на woman.bugin.kz
Аружан Бақытқызы - на woman.bugin.kz Аружан Бақытқызы

Тапсырмадан туған шығарма

«Көпшілік алдында сөйлеу өнері» деп аталатын сабақтан дәріс беретін оқытушы ана жайында көркем шығарма жазуды тапсырды. Содан не керек, бәріміз шама-шарқымыз келгенше, көңілдегі көрікті ойды көркін қашырмай ақ параққа түсіруге тырыстық.

Мектеп қабырғасында жүргенде ана жайлы шығарманы "Ана деген сөзде қаншама мән жатыр десеңiзшi", я болмаса " Ана жайлы жырламаған ақын, толғанбаған сазгер жоқ шығар" деген секiлдi жаттанды сөздермен бастайтынмын. Уақыт өте, есейе келе мұндай жауыр сөздердi, Google - дан екiнiң бiрi көшiрiп жазатын тым әдемi, әсерлi сөздердi жазғың келмейдi екен. Қанша тырыссам да, бұл сөздiң мәнiн ашып, мағынасына дөп түсетiн сөздi таба алмайтындықтан, барынша қарапайым жазамын деп шештiм. Анама сөз атаулының ең асылын, жауһарын арнаудан сараңдық танытып тұрғаным жоқ. Алайда, өзiмнiң iшкi сезiмiмдi ашық айта алмайтынымды ескере отырып, құрғақ сөзден гөрi сiздерге анам жайлы қысқаша я болмаса, орташа дерек айтып берейiн... Ендеше кеттiк!

Анам-Райгүл. Дөңгелек жүздi, пұшық мұрынды, аққұба келген Ақ Жайықтың қызы. Мен үшiн әйел затының, сұлулықтың Эталоны! Өзiнiң айтуыншы әкесi - Сәрке Ұлы Отан соғысының ардагерi. Ал анасы Айғаным- сегiз баланы дүниеге әкелген, үй шаруасындағы кiсi болған. Нағашы атам дүниеден ерте өткендiктен мен ол кiсiнi көрген жоқпын, ал нағашы әжемдi жол алыстығынан ба, әлде көңiл алшақтығынан ба, айына- жылына бiр көремiн. Айына-жылына деп көлгiрсiмейiн, 3-4 жылда бiр көрсем көрдiм, көрмесем ол да жоқ.

Анама қайта оралайық. Отбасындағы сегiз баланың бесiншiсi. Жастайынан ауыл молдасынан хат танып, оқу-бiлiмге ерекше құштар болды демей-ақ қояйын, бiрақ өзi сабақты жақсы оқыдым дейдi. Мектеп бiтiрген соң, екенің біріне қазіргідей жоғары оқу орнына түсу бақыты бұйыра бермейтін сол заманда Алматыдағы СХИ - ға өз күшiмен түскенiн ескерсек, жақсы оқыдым дегенi өтiрiк емес сияқты. Ендi бар қызық хикая осы тұста басталады. Рекең институтта өзiнен екi курс жоғары оқитын, түр-сипаты келiскен, бойы ұзын, ат жақты, қара торы Бақыт есiмдi қызылордалық жiгiтпен танысады. Әкемнiң батылдығының аздығынан ба, анамның тұйық мiнезiнен бе, екеуi бiрiн- бiрi ұнатса да, оқу бiтiргенше қыз-жiгiт болып жүрмептi, уәделеспептi-мыс. Содан не керек, әкем оқуын анамнан екi жыл бұрын аяқтап, Қызылордасына қайтады. Өзiнiң " удачный варианттан" айырылғанын түсiнген анам сан соғып қала бередi. Алайда тағдырдың оларға дайындаған сыйы басқа едi...

Уақыт өтiп, анам да оқуын аяқтайды. Ол кезде оқу бiтiрген жас мамандарды үкiмет арнайы келiсiмшартпен республиканың түкпiр-түкпiрiне жiберетiн болған. Дәл осы тұста нағыз үндi фильмi болды дерсiз, ия, дәл таптыңыз анамды келiсiмшартпен Қызылордаға жiбередi. Анам ол кезде бұл келiсiмшарттың өмiрлiк екенiн қайдан бiлсiн?! Сөйтiп, Рекең Қызылордада бiр мекемеде жұмыс жасап жүредi. Әдетiнше бiр күнi асханада кезекте тұрғанда сол баяғы қызылордалық жiгiттi кездестiрiп қалады. Ол кезде телефонның, әлеуметтiк желiлердiң жоқтығын, екеуiнiң сол аралықта хабар алмаспағанын ойласақ, бұл тағдыр болмағанда не?!

Осылай екеуi үйленiп, бақытты - баянды ғұмыр кешiптi , деп аяқтайын ба? Жо-жоқ, осылайша анам 1989 жылдың жазында өмiрiнде көзi көрмеген, құлағы естiмеген Қызылорданың Жаңақорған деген ауылына келiн болып түседi. Ендi арадағы 30 жылда өткен қызық пен шыжыққа толы анамның өмiрiн баяндау үшiн, ол оқиғалырдың барлығы дерлiк маған мәлiм емес, мәлiм болған күннiң өзiнде ол жайттар бiр романның жүгi ғой...

Қысқа ғана қайырайын, 30 жылдың iшiнде анам бiр ұл, екi қызды дүниеге әкелiп, алыс-жақын ағайынға сыйлы келiн атанып, ата-енесiнiң разылығын алды. Әкемiз 20 жыл аудандағы бiр мекеменi басқарып тұрғанда үйге қатарынан қырық күн қонақ келсе де, қабағын шытпады, қара шаңырақтың қадiрiн кетiрмедi. Жолдасын төрге шығарып, бабын таба бiлдi, жақсы жар бола бiлдi, ғұмырын арнай бiлдi. Тек орны толмас қайғысы осыдан 7 жыл бұрын тiрегiнен, өмiрлiк серiгiнен, балаларының әкесiнен айырылды. Әкемiз ауырып жатқанда да, жанынан бiр елi кетпей, жар алдындағы мiндетiн әкемiздiң өмiрiндегi соңғы минуттарына дейiн атқарды. Басқа түссе баспақшыл дейдi қазақ, анам бұл қайғыны қабылдады, жеңдi. Айтуға оңай... Тек кейде нағыз керек шағында, балалардың қызықшылығында жанымда қасқайып тұрар сәтте, бейнеттiң зейнетiн көрер кезде тастап кеттi деп налитыны бар. Не дегенмен тiрi адам тiршiлiгiн тоқтатпақ емес.

Сонымен шығармамды қайғылы емес, жайдары нотада аяқтайық. Бүгiнде анам келiн түсiрiп, қыз ұзатқан бақытты ана, әже. Бiздегi арман анамыздың жүзiнен әрдайым қазiргiдей тек қуаныштың жасын көру. Құдай бақытымызды баянды етсiн...

0 Пікір Кіру