Қыз баланың бойындағы жігітке ұнамайтын 7 қасиет - на woman.bugin.kz
Асмира Ермекқызы - на woman.bugin.kz Асмира Ермекқызы

Жігіттер қандай қыздардан жалығады?

Жігіттер қауымы көбіне сүйгенінің еркелігіне көз жұма қарайды. Дегенмен де әр нәрсенің шегі бар. Жолдасыңыз осы бір қасиетіңізге бола теріс айналып кетпесін десеңіз, мынадай кеңестерге көңіл бөліп көріңіз. Мен ешқандай психолог емеспін. Алайда, қыз-келіншектер үшін ер-азаматтарымызға кішігірім сауалнама жүргіздім. Назар салыңыз!

Өзін жігіттен жоғары қою. Қанша ақылды болсақ та жігіттің жанында бір саты төмен екенімізді ұмытпаған жөн. Себебі, бұл да бір ер-азаматтарға ұнай бермейтін қасиет. Әрдайым серігіңізге сенім білдіріп, "саған сенемін", "қолыңнан келеді" деген сөздермен қанаттандырып отырсаңыз, махаббаттарыңыздың бекем болуына өз әсерін тигізеді деп ойлаймын .

Қырсықтық. Қызға еркелік қашан да жарасқан. Алайда, сіздің еркелігіңіз шексіз көк аспан немесе екінші ұшы көрінбейтін теңіз сияқты болмауы керек. Орнымен еркелей білсеңіз кез келген жігіттің осал тұсының үстінен түсесіз. Ал, жөнсіз қырсығып, бұлданар болсаңыз шыны керек, сырт көзге де, жігітіңізге де сүйкіміңізді кетіресіз. Осыны ұмытпағаныңыз жөн.

Көп сөйлеу. Аулада отырып алып, өткен-кеткенді әңгіме қылатын көршілеріңіз бар шығар. Міне, сіз шектен тыс ақылгөйсіп, көп сөйлегенде жігіттер дәл осы көршілеріңізді көз алдына елестетеді. Жігіттер көп сөйлейтін қыздарды емес,өзін тыңдай білетіндерді жақсы көреді. Екінші жартыңызға да, жалпы ортаңызға да ұнамды боламын десеңіз бұл әдетіңізден де қош айтысқаныңыз дұрыс. 

Арсыз қыздар. Ар мен ұят әсіресе қазақ қыздары үшін маңызды, асыл қасиет. Дегенмен, уақыт өте қысқа белдемше киіп, омырауын ашқандар көбейіп барады. Қыздардың мұндай типіне жігіттердің көзі көп түсетіні ақиқат. Алайда, алманың шірігені ғана қолжетімді болып, оңай үзіліп түсе қалады ғой. Арын сақтау деген міндетті түрде паранджа киіп оранып алу емес. "Есті қыз етегін қымтап ұстайды" осы бір сөзде үлкен мән жатыр деп ойлаймын. Киіміңізді ғана емес, мінезіңізді де түзеп барынша жеңілтектіктен сақ болыңыз.

Жасандылық. Бүгінгі қоғамның үлкен дерті. Рас, жасанды кірпік, жасанды қабақ,жасанды қас... Тізе берсек қыздардың бар құпиясын ашып қоярмыз. Осымен тоқталып, не себептен жігіттер жасандылықты жек көреді соған назар аударайық. Қорықпаңыз, сізге дәл қазір сөмкеңіздегі бар косметиканы алып қоқысқа тастаңыз дегелі отырған жоқпын. Тек орнымен қолданыңыз. Табиғи сұлулығыңызға кішкене көмек берсеңіз жеткілікті. Боянғаннан кейін айна алдында өзіңізді емес өзге біреуді көретін деңгейден сақ болыңыз. 

Өзін ер мінезді етіп ұстау. Қазір "ер мен әйел теңдігі" деген түсінік қалыптасқан. Карьера құрып, көлік айдасаңыз да бәрібір сіз нәзік жанды екеніңізді миыңыздан шығармаңыз. Немесе мұндай жағдайға көбіне спортпен айналысатын арулар көп түседі. Жүріс-тұрысы, мінезі ұл балаға тән болып қалыптасқан жағдайда жігіттер сізбен қарым-қатынас құрғанда достықтан әрі аса алмай қалуы мүмкін. Махаббатыңызды кезіктіргіңіз келіп жүрсе, барынша нәзік болуға тырысыңыз.

Дауласу. Мұндайды жігіттер "бетпақ қыздар" деп атайды екен. Мен сізге бір кеңес берейін. Ашуланып, біреуге ұрысқан сәтіңізде, сол мезет қолыңызға айна алыңызшы. Осыдан кейін, сіз өзіңіз-ақ "енді қайталамаймын" дейтін боласыз. Алтын тәжді ару болсаңыз да адам біреумен дауласқан сәтте өңі бұзылады. Эмоцияңызды іште сақтап, ақылға жеңдіре біліңіз.
Өмірде "идеальный" адам болмайды. Десек те, өзіңіз үшін ең жақсыны қаласаңыз. Ең жақсы мінезді де бойыңызға жинауды үйренген дұрыс. Бүгіннен бастайық!


0 Пікір Кіру