Ұрпақтың ұлы ұйытқысы - на woman.bugin.kz
Balym Asanqyzy  - на woman.bugin.kz Balym Asanqyzy

Ана

Ана...  Үш қана әріптен тұратын ұлы сөздің құдіретінде шек жоқ. Жарым дүниені жылытуға жетерлік мейірім иесіне бас имейтін пенде. 

Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесік тербеткен аналар жайлы қалам тербемеген ақын да, жазушы да кемде-кем шығар бес күндік фәниде. «Алып анадан туады» деген халқымыздың даналығына не дерсің? Білгенін басқаларға үйретіп білімнен маржан жиған ұстаз да ананың перзенті, шахта астынды қара кенді қазып жүрген шахтер да анадан туған алып емес пе? Қабырғалы қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары Абай мен Шоқан да ананың баға жетпес ақыл-ой мектебінің үлгілі түлектері. Қазақтың Абайы мен Шоқаны айтылған әр жерде, Зередей әжемен, Ұлжандай ел анасының, Айғанымдай ханымның аты аталмауы әбестік. Қазақ анасы менің көзіме басқа елдің аналарынан ыстық әрі мейірімі нұрлы жүзінен төгіліп тұрғандай көрінеді. Неге екені белгісіз ұлт аналарын айтқанда жүрегі елжіремейтін, көзінде мейірім ұшқыны тумайтын жан жоқтай көрінеді де тұрады маған. 

Жаратылысынан атына заты сай, оқ  бойына ойы сай аналар бауыр еті балаларын бар жамандық атаулыдан қорғап,қолдап жүретін періштелер. Тоғыз ай құрсағында көтеріп, түн ұйқысын төрт бөлген  асыл аналар-ай... Перзенті үшін отқа да, суға да түсуге әзір жандар. Елді ел қылатын, ерді ер қылатын да әйел десем. Ерлеріміз жалған намысқойлыққа салар. Дегенмен, аналарымыздың қырық жаны елдің басына қара бұлт үйрілсе де, ері қызыл қанның ортасында өмірімен арпалысқан зұламатта да сыналды. Басқа салған қай сынақтан сүрінді қазақ аналары. Аналарымыз жанын шүберекке түйіп асыл ерінен қалған аманатына қиянат жасамай өсірді ұл-қызын. Аузындағы асын жырып берген асыл аналарымыздың ұлылығы да осында.  

Әлемдегі ең мейірімді, ең сұлу қазақ әйелі, қазақ анасы.  Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, абзал ана, адал жар, ағайынға қамқор, ердің мақтаны елдің көркі. Өзім көзбен көрген қазақ анасының ардақтысы– қос бірдей әжелерім. Бесікте жатқаннан әлдиіне қанып, қаз тұрғаннан қазірге дейін әлпештеп өсіріп келеді. Ана мейірімін алмастырар дүниеде зат жоқ екенін әрдайым әжемнің аяулы алақаны басымды сипағанда түсінемін. Кәрі әженің алақаны бар қайғыңды ұмыттырады жаныңды жылулыққа бөлейді.

Ана – ұлттың айнасы. Қазақ  анасының бойында ұлтымызға тән қайрат пен еңбек, қайсарлық пен шыдам, ізгілік пен жанашырлық ыстық қандай тулап жатыр.  Шаңырақтан артық тілегі жоқ,бала-шағадан  асқан мұраты жоқ асыл аналарымыздың  ақылы мен өнегесінен артық мектеп болмас. Ана мейірімін бойына сіңірген адал ұрпақ қана ел мұратын ақтар азамат  болады. Себебі, ана ұлағаты асқан адамшылдыққа бастар жол.

Қазақ халқының болашағы бүгінгі қазақ аналарының құрсағында шешілетіні айқын да, анық қағида. Сол себептен де, қазақ аруларының болашақ ұрпақ пен мәңгілікке бағыт алған ұлт алдында арқалаған жүгі ауыр. Ұлт үмітін арқалаған қазақ аруларының бүгінгі қадір-қасиеті, «қазақ анасы» деген ұлы аттың салмағын саралап жүр ме? Ең ізгі аналар мен ең сұлу арулардың  жалғасы бүгінгі  қаракөздер. Қабырғалы қазақ халқы жетімін жылатпаған ар-намысты биік қойған текті халық. Бүгінде, сол заңдылық бұзылып, аналарымыз жан түршіктірер қастандықты өз сәбилеріне жасауда. Жарық дүниені көрмей жатып тағдыр тауқыметіне тап болған шараналардың  далада қалуы бүгінгі күнде қоғамдағы аналардың бейнесін қараңғылатып жібергендей. «Торғай екеш торғайда балапанын қорғайды, ана безсе баладан бәрінен де сол қайғы»демеуші ма еді қазақтың тауып айтқан кемеңгері. Осы бір ауыз сөздің салмағы жеңілдеп, бес теңгелік құны да қалмағаны ма сонда? Расында да, ана мейірімінен кенде қалған қазақ балалары күн санап көбеюде. Бұрындары шет елдерде осылай болады екен десе жағамсызды ұстап, таң қалатынбыз. Қазір бұл індет қазаққа да жат емес. Неге? Бұл сауалға кім жауап береді? Азғындаған қоғам ба , әлде азғындыққа ерген аналарымыз ба?  Індет адам ішіне кірген соң одан арылу өте қиын екені белгілі. «Желінген алманы қайта орнына келтіре алмайтынымыз» сияқты жетімнің жаралы жүрегін ешкім ешқашан анасындай емдеп жаза алмайды. Сол себептен де бұл індет тек бір ананың басына түскен қасірет емес, ұлт пен болашақтың қайғысы мен орны толмас қасіреті.  Бағзыдағы аналарымыз бес бала туды, он бала туды. Өсірді, бақты,қанаттандырды. Кем етпеді ешкімнен. Қазір де жалғыз-жарым баласын өсірмек тұрмақ көше мен жетімдер үйінің табалдырығынан бірақ шығарады «ана» деп жүргендеріміз. Қазақ қыздары бүгінде қоғамның сан саласында өз мүмкіндіктері мен қарым-қауқарын көрсетіп жүр. Дегенмен, қазақ қыздары мен аналарының жауапкершілігі  жұмыс жасап, отбасы ошақ қасынан аулақ болу емес. Ұрпақ пен бабалар алдындағы үлгілі келін, ұлағатты ана екенін ұмытпай, ел анасы болу қазақ аналарынаң ең үлкен қасиеті мен құзіретіндегі ең үлкен бақыты. 

Ана-мейірім мен ұлағатты өмірдің символы. Ұрпақ ұйытқысына айналған қазақ аналары бүгін мен келешектің жалғасы, алтын көпірі. Ұрпақтың ұлы тәрбиешісі, болашақ елдің тұтқасын ұстар ұлылардың анасы. Ұлт қамын ойлар арда азаматты тәрбелейтұғын  ананың аяулы алақаны мен мейірімге толы жанары екенін ұмытпайық.


0 Пікір Кіру