Алтын балықтан да бағалы кесір кемпір - на woman.bugin.kz
Мөлдір Адамжан - на woman.bugin.kz Мөлдір Адамжан

Алтын балық туралы ертегіні барлықтарыңыз оқыған шығарсыздар, иә?

Алтын балық туралы ертегіні  барлықтарыңыз  оқыған шығарсыздар, иә? Ал, сол ертегі не туралы деп сұрақ қойсам қандай деп жауап бересіз? Мейірімді балықшы туралы немесе алтын балық туралы дейсіз бе? Меніңше, сіз қателестіңіз...

Біраз күннен бері Пушкиннің бұл ертегі арқылы астарлап не айтқысы келгенін түсінуге тырыстым. Сөйтсем, бұл шексіз маxаббат туралы ертегі екен. Неге дейсіз бе? Ендеше бірге ойланайық, егер сіз алтын балықты тапсаңыз ең бірінші өз армандарыңыздың орындалғанын қалар едіңіз, солай емес пе? Сіз ғана емес барлығымыз солай істейтін едік. Жіпке тізгендей қылып лайықты көрген армандарымызды ақтарып айтып беретін едік. Алайда балықшы олай істемеді. Ол ең бірінші өзінің кәрі кемпірінің армандарын орындағысы келді. Демек, маxаббат дегеніміз әрқашан сүйген адамыңның бақытты болғынын қалау, оның армандарын өз мақсаттарыңа айналдыру. Кемпірінің кесір мінезіне бола алтын балықтан мінезі жайлы басқа кемпір немесе жас сұлу сұрап алса болар еді. Бірақ балықшы олай жасамады. Себебі сүйіп қосылған жарынан артығын таппайтынын анық білді. Бүгінгі күні дәл осылай маxаббатына адал бола алатын жандар бар ма? "Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады" деген бекер емес ау. Өзінің бар ғұмырын, жастық шағын саған арнап, үйіңнің отымен кіріп, күлімен шығатын асыл жарын бағалай білетіндер ғана манағы балықшы сияқты істей алады. Біз ғашық болғанда, оның мінезіне болмаса сыртқы келбетіне де қарамаймыз. Өйткені біз көзбен емес, жүрекпен сүйеміз. Оқырман  қауым  үшін қанағатсыз, тәкаппар болып көрінген кесір кемпірдің балықшының жүрегінен орын алуыда сол себепті. Жағымсыз кейіпкердің қай мінезіне бола соншама асты-үстіне  түсті екен ойлағандарыңыз бар емес пе? Сіз бен біз балықшының көздерімен қарамаған соң, мұның себебін ұқпасымыз анық. Әттең кейде сен үшін шыр-пыр болып, бар жағдайыңды жасап беруге тырысатын, шынайы жанашырларымызды бағаламай жатамыз. Көбіне әйелдер қауымы дүниенің соңынан еріп, көзімізді шел басып, кесір кемпір сияқты қанағатты ұмытамыз. Сондықтан қазірден бастап барымызды бағалай білейік, мүмкін сізде кейбіреулер үшін "алтын балықтан" да бағалы шығарсыз.Ертең мүмкін үш тілектің үшеуінде сіздің еншіңізге берер. Өмірдің мәні маxаббат. Маxаббатқа лайықты бола білейік.Қолда барда алтынның қадірі жоқ демекші... Бір күні өкініп қалмайық..

0 Пікір Кіру