Сабынды пайдаланудың 15 түрлі әдісі  - на woman.bugin.kz
Mira Sembaiqyzy - на woman.bugin.kz Mira Sembaiqyzy

Артық болмас білгенің

Сұйық сабынды қолданғанды ұнатсаңыз да, бұрыннан келе жатқан құрғақ сабыннан бас тартпаңыз. Оны пайдаланудың түрлі әдісін білсеңіз, дүкен сөресінен оны да себетіңізге сала кетеріңізге сенімдіміз. Тіпті, сұйық сабын сатып алмай-ақ, оны кәдімгі құрғақ сабыннан дайындап алуыңызға болады.

Ол үшін өзіңіз ұнататын, иісі жағымды сабын болса жеткілікті. Кәдімгі сабынды пайдаланудың 15 түрлі әдісі кәдеңізге жарасын.

1. Ашылмай қалған тартпалар мен сырғыма есіктерге пайдаланыңыз

Тартпа немесе сырғыма есіктер дұрыс ашылмай қиналып тұрсаңыз, сабын көмекке келеді. Сабын кесегімен тартпаның немесе есіктің сырғытпасын үйкелеп жіберіңіз, оп-оңай ашылып кетеді.

2. Киім салатын шкаф, шабадан және автокөліктің ішіндегі жағымсыз иістен құтылыңыз

Иісі жұпар сабын кесегін бір жапырақ матаға орап, шкафқа, шабаданға, тіпті автокөліктің ішіне қойып қойыңыз. Ашқан сайын сабынның жұпар иісі аңқып, сергектік сезіліп тұратын болады. Мұны иісі мүңкіп тұрған бәтеңкеге де салып қойсаңыз артық болмайды.

3. Жиһаз жинауды оңайлатыңыз

Егер ағаш шебері болсаңыз, я болмаса IKEA-ның кітап сөресін өзіңіз жинап көрмекке бел байласаңыз, онда бұрандағы ағашқа кіргізу де оңай шаруа емес. Сол кезде жұмысыңызды жеңілдетуге сабын көмектесе алады. Бұранданы жеңіл бұрап кіргізу үшін сабын жағып көріңіз. Ал қалған сабын кесегімен ағашты жылдам кесу үшін араның жүзін сүртсеңіз болады.

4. Қабырғаны тегістеуге де керек

Қабырғадағы суретті алып тастағаннан кейін, шегенің орны қалса онда қабырға түсіне сәйкес келетін сабын кесегін алып, саңылауға үйкелеңіз. Келесі жөндеу жұмысы басталғанша саңылау сізге кедергі болмайды.

5. Бояудан тез арылыңыз

Терезе жақтауларын сырлау керек болса, онда әйнекті сабын кесегімен үйкелеп, сүртіп қойыңыз. Сол кезде әйнекке шашыраған бояуды сүртіп алу еш қиындық тудырмайды. Әрі бұл әйнекке жапсырғыш жабыстырып қойғаннан әлдеқайда оңай әдіс.

6. Құлпыны ашуға пайдаланып көріңіз

Егер есіктің құлпысы ашылмай, қатып қалса, онда кілтті сабынның бетіне әрлі-берлі үйкелеңіз. Содан кейін оны құлпының саңылауына салып, қайта шығарып, бірнеше рет қайталаңыз. Енді құлпыны оңай ашуға болады.

7. Айна мен көзілдірікті буланудан да қорғайды

Ыстық душқа түскеннен кейін айнаның буланып кеткенін ұнатпасаңыз, көмекке тағы да сабын келеді. Айна толық кепкен кезде, сабын кесегімен айнаны бетіп сүртіңіз. Бұл кезде сабынға ешқандай су тигізбеген абзал, яғни құрғақтай сүрту керек. Келесі жол душқа түскен кезде айнаңыз жарқырап тұрады. Бұл әдісті көзілдірік пен күннен қорғайтын көзілдірікке де пайдалануға әбден болады.

8. Есіктің шиқылынан арылыңыз

Сабынның бір кесегі есіктің шиқылын басады. Ол үшін құрғақ сабынды шиқылдап тұрған топсаға жағып, тексеріп көріңіз. Қажет болса тағы қайталап жағыңыз.

9. Тесілген жерді оңай анықтаңыз

Дөңгелектің немесе суға түсетін үрлемелі бассейннің қай жері тесілгенін анықтай алмай жатсаңыз, сабын кесегін сулап алып, өзіңіз күмәнданып тұрған жерлерді үйкелеңіз. Ауа шыққан кезде сол жерден сабын көпіршігі пайда болады. Мұндай әдісті газ құбырының да тесілген жерін анықтау үшін қолдануға болады.

10. Қолыңызды тазалауды жеңілдетіңіз

Бақшада жұмыс істер алдында немесе автокөліктің майлы жөндеу  жұмыстарына кіріспес бұрын тырнағыңызға сабын жағып алыңыз. Сабын тырнағыңыздың арасына кір немесе майдың кіріп кетуінен қорғайды, әрі жұмыстан кейін қолыңызды тазалау да оңай болмақ.

11. Бау-бақша өсімдіктерін қорғаңыз

Сабын кесегін бұталарға іліп қойыңыз немесе оны қатты топыраққа үйкелеңіз. Бұл бақша өсімдіктерін зиянкестерден қорғайды. Сабынды ілу үшін торлы қапты немесе ескі капрон шұлықты пайдалануға болады. Дымқылданған сабын кесегімен үй өсімдіктерінің төменгі сабақтарын аздап үйкелеп қойсаңыз, оларға біте түспейді.

12. Қазан тазалау оңай болсын

Табиғат аясына шығып, дастархан жайған кезде ашық отқа қоймас бұрын шойын немесе алюминий қазанның түбіне сабын жағып қойсаңыз, кейін оның күйесін тазалау оңай болады.

13. Сыдырма тез жабылсын десеңіз

Құрғақ сабынды сыдырманың тістеріне үйкелесеңіз, сыдырма тез жабылады.

14. Тігуді жеңілдеткіңіз келсе

Тігуді жеңілдеткіңіз келсе, киімнің етегі мен тігіс сызықтарын белгілеу үшін сабынды пайдаланыңыз. Ал бір сабынның сыртын әдемі шүберекпен қаптап, ине мен түйреуіштерді соған қадап қойсаңыз, олармен тігін тігу жеңіл болады.

15. Сұйық сабынды өзіңіз жасап алыңыз

Ақшаңызды үнемдеп, сұйық сабынды өзіңіз жасап алыңыз. Ол үшін құрғақ сабынды үккіштен өткізіп (арнайы үккіш дайындап қойсаңыз да болады), сабын әбден ерігенше қайнақ сумен араластырып, арнайы ыдысқа құйып қоясыз. Сұйық сабын дайын.

0 Пікір Кіру