"Көз тию" деген ұғымға сенесіз бе?  - на woman.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на woman.bugin.kz Қаракөз Амантай

Бүгінде халық арасында көз бен сөз тиюге қатысты әңгімелер көп айтылуда

Көпшілік ертеден көз тию мен сөз тиюге қатысты ырымдарға сеніп келді, әлі күнге дейін сеніп келеді. Жаңа пәтер алса, қара шаңыраққа келін түсірсе, нәресте дүниеге келсе, жаңа көлік алса, тіпті баласы көпшілік ортада өнер көрсетсе де халықтың көзі тиеді деген ниетпен ырымдап, түрлі жорағыларын жасап жатады. Егер қандай да бір ырымын жасамай бала ауырып, не үйінен береке кетсе, көз тиді деген ой түйеді. Шын мәнінде көз тию деген не? Бұл табиғи құбылыс па? Әлде адамның ойлап тапқан наным-сенімі ме?

Қазақ халқы ұғымында жақсы адамға, жас нәрестеге, жүйрік жылқыға, әдемі қызға тіл-көз тиеді деп есептеген. Бәйгеде озған жүйрік атқа көз тиеді деп сақтанып, елге көрсетпеуге тырысқан. Жас балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, оны былғары бойтұмардың ішіне салып, мойнына тағып қойған немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қояды. Бала кенет науқастанып қалса, көз тиді, біреудің сұғы өтті деп жорып, оған ащылау әдісімен ем жасайды. Жас баланы көз тиюден емдеуді кейде үшкіру, түкіру деп те атаған. “Түкіру” көптеген халықтардың магиялық және діни әдет-ғұрыптарында маңызды рөл атқарады. Мысалы, жас келінге, нәрестеге қызыға қараған адамдарды көзің тиеді деп ырымдап, түкіруге мәжбүр еткізеді. Немесе біреуді мақтап жатқан кезде “тіл – аузым тасқа” деп айтады. 

Психологиялық көзқараспен қарайтын болсақ, онда бұл жерде бірнеше дәлел келтіруге болады. Психологиялық тұрғыда да жаман энергияны таратушы және жаман энергетиканы қабылдап алушы адам болады. Жаман энергетика таратушы көп жағдайда іші тар, біреудің биікке шыққанын көре алмайтын, қызғаншақ, әлжуаз адамдар. Мұндай адамдардың көзі де, тілі де жаман болады. Ол өзінің жанында тұрған адамға автоматты түрде өзінің ішкі энергиясын береді. Ал нәтижесінде жанындағы адамға оның көзі тиіп қандай да бір ауру түріне шалдығуы мүмікін. Психологтардың айтуынша, энергетикасы мықты адам өзіне жаман сөз бен көзді тез қабылдамайды. Егер адам қандай да бір үлкен ортаға барып  санасында «көз тию» деген ұғым болса, нәтижесінде ол адамға шын мәнінде көз тиіп ауырып қалады. Мысалы, екі құрбы әңгімелесіп отыр. «Бірі оған сен әдемі болып кетіпсің, шашыңды қалай өсірдің» деп таңғалып, өзінің ойын білдіреді. Келесі күні мақтауды естіген құрбы ауырып не шашы түсуі мүмкін. 

 Діни көзқараста көз тию ұғымы шын мәніде бар. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Көз тиюдің бар екені ақиқат» деген. Тіпті, тіл мен көз адам өліміне дейін әкелуі мүмкін. Хадистің бірінде «Көз тию – ақиқат. Ол түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді», – делінген («Кәшфүл хафа», 2: 76). Сол себепті, көз тиген жағдайда немесе көз бен тілдің тиюінен алдын алу үшін дұға-сүре оқып, Аллаға сыйынып діни жорағылар жасаудың қажет екенін айтады.

  • Фатиха, Аятүл-күрси, Кәфирун, Ихлас, Фәлақ, Нас сүрелерін 7 реттен оқып ауру адамға үрлесе, дуаланған, көз тиген және басқа да барлық аурулар үшін жақсы болады. Тұзға оқып, сол тұзды суға ерітіп ішуге де болады. Бір хадис шәрифте: «Фатиха мен Аятүл-күрсиді оқыған адамға сол күні көз тимейді» делінген. (Дәйләми)
  • Бір хадис шәрифте: «Таңертең және кешке (бисмилләһпен)3 рет “Бисмилләһилләзи лә ядурру мә’асмиһи шәйун фил арди уә лә фиссәмаи уә һуәссәмиул-алим” дұғасын оқыған адам дуаланудан және көз тиюден сақталады.» делінген (Ибн Мажә)
  • Аятул-күрси, Фатиха, Фәлақ, Нас сүрелерін және Қалам сүресінің соңын оқып жүру өте жақсы болады. (Мәдариж)
  • Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уә сәлләм” Фәлақ және Нас сүрелерін оқып былай деді: «Осы екі сүремен (бәлелерден, көз тиюінен) қорғаныңдар! Ешкім ешнәрсемен осы екі сүремен қорғанғандай қорғана алмайды.» (Әбу Дауд)
  • “Әузу би-кәлимәтилләһиттәаммәти мин шәрри күлли шәйтанин уә хаммәтин уә мин шәрри күлли айнин ләаммәтин”дұғасын таңертең және кешке 3 мәрте оқып өзінің үстіне немесе ауырып қалған адамның үстіне үрлесе көз тиюінен, жыннан, шайтаннан және жануарлардан келетін зияндардан қорғайды.(Мәуахиб)
  • Пайғамбарымыз “алейһиссалам” көз тиген адамға“Аллаһүммә барик фиһи уә лә тәдарруһу” дұғасын оқитын еді. (Ибн Сүнни)
  • Әрбір адам, әсіресе көзі тиетін (өтетін) адам бір нәрсені көріп, оны ұнатса “Машааллаһ” деп айтуы керек, айтатын сөзін одан кейін айтуы керек. Бірінші көрген сәтте “Машааллаһ” деп айтса көзі тимейді. Хадис шәрифте: «Ұнатқан нәрсені көрген кезде “ Машааллаһ лә қууата иллә билләһ” деп айтса ол нәрсеге көз тимейді» деп айтылған. (Бәйһақи)

Түйін: Өмір болған соң көз де, сөз де болады. Ең бастысы бұл құбылысты көңілге жақын қабалдамаған жөн. Дәрігерлер көз тиюдің соңы айықпас дертке әкелетінін айтса, психологтар адамның күйзеліске түсетінін айтады. Дегенмен көз тиюден барынша сақтанып жүрген де дұрыс болар...  


0 Пікір Кіру