Малала Юсуфзай, қатыгез қастандық: Мұсылман қызы әлемге қалай танымал болды? - на woman.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на woman.bugin.kz Қаракөз Амантай

17 жасында ерлігі үшін "Нобель" сыйлығын алған ең жас лауреат

Пәкістандағы Талибандармен күрестің жаңа символы

Малала Юсуфзайдың әлемге әйгілі болуы

Малала Юсуфзай 1997 жылы Пәкістандағы Мингора қаласында дүниеге келген. Оның әкесі-Пәкістан балаларының құқығын қорғаушы, мектеп директоры. Әкесінің осындай өмірлік ұстанымы қызының дүниетанымын қалыптастыруға әсер еткен.


2009 жылы жұмыс сапарымен Пәкістанға келген BBC журналисі Малалаға мұсылман қыздарының және өзінің өмірі туралы арнайы блог жүргізуді ұсынды. Малала бұл ұсынысқа бірден келісті және оның жазбалары тез арада танымал болды. Көпшіліктің жүрегіне жеткен шынайы жазбалары ағылшын тіліне де аударылды. Ол Пәкістандағы балалардың басынан кешіп жүрген қиындығы туралы, қыздар мен әйелдердің қысым көруі, талибтар қозғалысының ушығуы туралы жазды және бұл туралы бүкіл әлем хабардар болды. Әкесі қызының мұндай әрекетін мақтан тұтып, оған кез келген жағдайда қолдау көрсетіп, сенім білдірді.  

Малала халыққа арнайы ескертпелерді Гүл Макаи атауымен ("Василек") жариялады. Оның қатысуымен Пәкістандағы қыздар мен әйелдердің тағдырын сипаттайтын деректі фильм түсірілді, ал 2011 жылы Малалаға Ұлттық бейбітшілік сыйлығы мен Халықаралық Балалар бейбітшілік сыйлығы берілді. Осылайша Малала барлығына танымал болып, оның жанкүйерлері пайда бола бастады. Миллиондаған адам Малала Юсуфзайдың жаңа жазбаларын тағатсыздана күтті.

Қатыгез қастандық

2012 жылдың 9 қазанында Малала Юсуфзай мектеп автобусымен үйге қайтып келе жатқанында басына үлкен қауіп төнеді. Оқушылар отырған мектеп автобусын бетперде киген және қолдарында қаруы бар  «Талибат» тобының адамдары тоқтатып, шабуыл жасайды. Әскерилердің бірі автобусқа кіріп, барлық балалардан "Малала деген кім?" деп сұрап жатты. Малаланың кім екенін анықтаған соң, артынша талиб қызға оқ атады. Бұл оқтан Малала ғана емес оның артындағы екі қыз да жарақат алады. Дер кезінде ауруханаға жетікізілген Малала өлім аузынан аман қалады. Сөйтіп ол Пешавар қаласындағы әскери госпитальға жеткізіліп, біраз уақыт комада жатады. Малаланың өмірін аман алып қалу үшін пәкістан үкіметі оны Ұлыбританияның ең үздік ауруханаларының біріне жеткізеді. Оған бірнеше операция мен емдік шаралары жасалды. 2013 жылдың 4 қаңтарында Малала Бермингемдегі ауруханадан шықты.


Малаланың өміріне не үшін қастандық жасалды?

Оның жазбалары, жұрт алдында сөз сөйлеуі талиптардың ашуына тиді. 2009 жылдың соңында пәкістандық әскерилер жоғары деңгейде талибтерге қарсы іс жүргізді, ал бұл қозғалыс олардың Сваттан кетуіне алып келді. Қызға қастандық жасамастан бұрын оған бірнеше рет ескерту жасалып, жазбаларын тоқтатуды талап еткен. Дегенмен әлемге әйгілі болған Малала Юсуфзай халқының өмірі туралы ащы шындықты жасырмады. 2013 жылы 16 жасқа толған күнінде (туған күнінде), яғни 12 шілде күні Малала БҰҰ штаб-пәтері Нью-Йоркте Пәкістан балаларының құқығын қорғап, жұрт алдында сөз сөйледі. Оның сөзі жоғары бағаланып, бүкіл әлемнің саяси қайраткерлері мен атақты адамдарының назарын аударды. Бұл күні қызға үлкен қошемет көрсетілді.


1 жыл ішінде Малала Анна Политковск және Сахаров атындағы сыйақыларымен, "Британияның мақтанышы" наградасымен марапатталды. Сонымен қатар ол 2014 жылы, 17 жасында Нобель сыйлығына ие болған ең жас лауреат атанды.  


Malala Fund қайырымдылық қоры

Малала сыйлығын алғаннан кейін Ұлыбританияда өмір сүрді, өйткені туған жеріндегі қиын саяси жағдай оның елге оралуына қауіпті болды. Малала Юсуфзайдың айтуынша, Нобель сыйлығы оның көптен күткен арманын орындауға жол ашқан. Бұл марапаттан кейін ол Пәкістан балаларына арнайы көмек көрсету қорын ашады. Қордағы жұмысқа ол мектептен бос уақыты мен демалыс күндерін арнайды.

Malala Fund қиын жағдайға тап болған Пәкістан балаларының басын бір арнаға тоғыстырды. Бұл қор балалардың білім алуына, өз-өзін табуына, ойын анық жеткізуге, қорықпай өмір сүруіне жағдай жасайды. Малаланың басшылығымен  отбасында материалдық жағдайы төмен балаларға арнайы қаржылай көмек берілді. Қор Сирияның білім алуға мүмкіндігі жоқ балаларына көмек қолын созды. 


Мен-Малала

Автобусқа баса көктеп кірген талибаттарға " Мен-Малала!" деп қорықпай жар салады. Осы сәтте оның тағдыры өлім мен өмір арасында болды, бірақ қыз кейіннен: "Дәл сол күні менің қорқынышым мәңгілікке өлді" дейді. Бір жылдан кейін әлемде  "мен – Малала атты кітап жарық көрді. Кітап британдық журналист Кристина Лемнің қодауымен басылып шықты. Бұл кітапта - мұсылман әлеміндегі өмірдің қиындығы, жасөспірім қыздың қарапайым сөзімен сипатталған терроризмнің барлық қаталдығы жазылған. Бұл жерде қыздың өмірбаяны ғана емес, тұтас ұрпақтың тарихы, халықты азапқа түсірген соғыс кезіндегі өмір мен өмір сүру жағдайы сипатталған. Жас кезінен өмірге не үшін келгенін және мақсатының қандай екенін білетін адам тарихы баяндалған. Осындай үлкен ерлікті жасаған кішкентай нәзік қыз екеніне сену қиын. Сол себепті Малаланың бұл өжеттілігі тарих бетінде мәңгілікке қалары анық.

Жетістіктері

• 2011 Халықаралық Балалар Бейбітшілік сыйлығы(номинация) 

• 2011 Ұлттық Жастар Бейбітшілік сыйлығы 

• Қайсарлығы үшін берілген Анна Франк сыйлығы, 2012 қаңтар 

 Ситара-э-Шуджаат, Пәкістанның 3-үлкен азаматтық қайсарлық сыйлығы, , 2012 қазан

• Foreign Policy журналы, 100 жаһандық ойшылдар, 2012 қараша

• 2012 Time журналы Жыл адамы - тізім 

• Тереза шешей атындағы мемориалдық әлеуметтік тепе- теңдік үшін берілген сыйлық, 2012 қараша 

• Бейбітшілік пен Қоғамдық әрекеттері үшін берілген Рим сыйлығы, 2012 желтоқсан 

• Симона де Бовуар сыйлығы, 2013 қаңтар 

• Time-ның "Әлемдегі 100 Ең Ықпалды Адамдар", 2013 сәуір

• Джонатан Йео жазған Малаланың портреті(Лондондағы Ұлттық Портрет Галереясы) (2013)

• 2013 жылы Британия мақтанышы(Қазан)

• 2014 жылы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығы

Автобиографиясы

2013 жылдың 8 қазанында Лондонда Малаланың автобиографиясы шықты. Тура сол күні «Талибанның» атынан шыққан пәкістандық Шахидулла Шахид The Daily Nation газетіне берген сұхбатында: «Бізде тағы бір мүмкіндік пайда болса, біз Малаланы өлтіреміз. Ислам әйелдерді өлтіруге қарсы, бірақ біздің дінімізге қарсы адамдарға бұл ережені сақтамасақ та болады» деп сөзін аяқтады.

2014 жылы Малаланың кітабы Қазақстанға келіп жетті.

Малаланың әрекетінен кейін Пәкістанда әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырау көрсеткіші төмендеген. Ендігі Малаланың арманы – Пәкістанның премьер-министрі болу.

 

0 Пікір Кіру