9 жасында АҚШ пен Жапонияны мойындатқан ХХІ ғасыр оюшысы   - на woman.bugin.kz
Bugin.kz - на woman.bugin.kz Bugin.kz

Жаннет Әбіш туралы

Jannet қыл қаламын қолына қайта алыпты. 9 жасында АҚШ-ты, 11 жасында Жапонияны мойындатқан суретші қазір елордада тұрып жатыр.

Ол өзін жиырма бірінші ғасырдың оюшысымын деп есептейді. Ал кейбір өнертанушылар оның қылқаламынан сюрреализмнің ізін көреді. Екі өнердің қатысы қанша деп ойлауыңыз мүмкін. Жаннет Әбіштің оған жауабы дайын. «Қазақ танымына адамды тура бейнелеп сызу жат. Тіпті балбалдардың өзі бір типтес, нақты нақышталмаған болып келеді. Ал бұл кезде Батыс реализмнің шыңын бағындырып жатқан еді. Қазақ өз ойын сурет салып әуреленбей-ақ, ою арқылы білдірген. Оюдың жаңағы реалистік суреттерден мәні әлдеқайда терең болатыны содан. Жалпы, қазақтың ұлттық биі мен оюы тұнып тұрған философия ғой. Өн бойы тұспал. Оны түсінуге түйсік тілі, көруге көкірек көзі керек», - дейді жас суретші.

Шым-шытырық шимай мен баттасқан бояулар әлемінің өкілінен мұндай сөз естиміз деп ойламаған едік. Сальвадор Далиді пір тұтуы тиіс кейіпкеріміз қазақтың кестеші әйелдерін сурет өнерінің әулиесі санайды екен. Бұл да біз күтпеген бір ғажап дүние секілді болды! «Біздің шешелеріміз бен әжелеріміз шетінен кестеші, ісмер болғанын білесіз. Ою-өрнек сызу олар үшін күнделікті тұрмыс саналатын. Ал сол оюларға қарап ойланып көрдіңіз бе? Отағасына деген іңкәрлігі де, төркініне деген сағынышы да, баласына деген тілеуқор махаббаты да сол оюларда сайрап тұр ғой, шіркін! Түскиіздер мен сырмақтарға қарап жатып, сол әжелерімді аяймын, кейде. Қаншама сыршыл сурет иелері іштен тынып, бар өнерін оюға салып өте берген?! Мен суретші ретінде өз бастауымды сол оюлардан алдым», - дейді Жаннет. Жаннет Әбіш есімді суретшінің бар екенін әлем 2001 жылы білген болатын. Нью-Йоркте өткен «Болашақ балалардың көзімен атты» атты халықаралық конкурста ол бірінші орын алды. Екі жылдан кейін Жапонияда Азия елдерінің жас суретшілер арасындағы байқауда Жаннет бас жүлдені қанжығасына байлады. Ойынға құмартпай, оюға телмірген қаракөз қандасының талантын байқап, оны үлкен өнерге баулыған Жанатхан Сағидан еді. Моңғолия астанасында ерекше үйірме ашып, жастардың талантын өз танымы бойынша ұштаған суретшіні бергі жақтағы біз білмегенімізбен, ол жақтың қазақтары мақтан етеді. Қазір оның қос ұлы әкенің ізін жалғап, Азияға танымал суретші атанып жүр. Осындай ортадан шыққан қазақ қызының көшпелі өркениеттің уызына жарып өсуі заңдылық та шығар.

2006 жылы ол халықаралық «Шабыт» конкурсының гран-при жүлдегері атанып, елордада «Ою түс» деген атпен көрме өткізді. Елдегі танымал суретшілердің қаршадай Жаннетке назары ауатыны да осы тұс. Ал 2008 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған ең жас суретші болып тіркелді. Мектеп бітірген соң Жаннетті Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы құшақ жая қарсы алды. Роза Әбенова, Баян Барманқұлова, Камилла Ли сияқты отандық өнертанушылар бірауыздан «феномен» деп бағаласа, майталман суретші ағалары әлі күнге дейін жол нұсқап, қамқорлық танытып келеді. Оқу бітіргеннен кейін Жаннет режиссерлікке де бет бұрды. Арасында декоративті кескіндеме мен дизайнерлікке де уақыт тауып жүр.

Қазақ билерінің өзі айтқан құпиясын ашу үшін «Qazaqstan» ұлттық арнасында көп сериялы деректі топтама түсірді. «Өнер шежіресі» атты 15 сериялы жұмысы да көрерменнің көңілінен шықты. Қазақтың бай әлемін замандастарына түсінікті тілмен көрсету үшін түрлі тәсілдерді пайдаланып, ондаған фильм мен роликтер түсірді. Өзін көшпелі өркениеттің үзігі санайтын заманауи суретшінің туындыларына көз тастап көрдік. Ойымыз – тылсым туындылардан қазақ оюына ұқсастық табу еді.

«Бұл суретті 14 жасымда сызыппын. Атын «Мәңгілік мәселе» деп қойғанмын. Анықтап қарасаңыз, оюға ұқсас қызыл құсты құшағымен қорғаштап, көкке ұмтылған ер адамды көресіз. Оның аяқ жағында бұзау құшақтаған әйел бар. Қызыл құс мақсат пен мүдденің символы ретінде алынған. Ал сиыр – үйдегі береке мен молшылықтың белгісі. Мұндай тартыс әр жанұяда болып жатыр. Оның қашан басталғанын, қашан аяқталатынын ешкім білмейді. Сондықтан да бұл – Мәңгілік мәселе», - дейді күліп ол. Кішкене сырмақтың үстінде ебедейсіз отырған алып денелі ұсқынсыз адамның сұлбасына көзім түсті. Туындының аты «Жалғыздық» екен.

«Қараңыз, мына адам баяғыда-ақ есейіп кеткен. Ал астындағы сырмақ – оның комфорт аясы. Бұл ая өзіне тарлық ететінін білсе де, шыққысы келмейді. Оның сыртында сары түсті кеңістік қоршап тұр. Бұл түс мен үшін дабылдың, ескертудің, сын-қатердің символы. Сырмақ үстіндегі пенденің көзіне айналасы осылай көрініп тұр», - дейді суретші. Шетелдік әріптестері Жаннеттің қанық түстерді мейлінше батыл үйлестіре алатынын ерекше бағалайтын көрінеді. Тіпті соның құпиясын сұрағандар да болыпты. «Оның құпиясы менің балалық шағымда жатыр. Қазақ оюларының күңгірт түспен боялған кезін көрдіңіз бе? Жалпы қазақ әлемі тұтас қанық бояудан тұрады ғой. Соның бәрі менің жадыма сәби күнімде код болып енген сияқты», - дейді Жаннет. Ол бізге бұған дейін талай көрменің көркін ашқан туындыларын ғана көрсетті.

Күзде «Адам» деген тақырыппен жаңа көрме өткізбекші екен. Тың туындыларын көрмеге дейін сырт көзден тасада ұстаймын деп шешсе керек. Қиялшыл бүлдіршіннің оюшы бойжеткенге айналған шағындағы суреттерін көру үшін күзгі көрмеде жолығуға уағдаластық. Сол үшін күзді асыға күтеміз!

Дереккөз: ҚазАқпарат 

0 Пікір Кіру