Ене мен келін, жанұя, салт-дәстүр жайлы: Түрікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының әңгімесі - на woman.bugin.kz
Kymbat Slyambekov - на woman.bugin.kz Kymbat Slyambekov

Түрік, қазақ - бір туған

Бірден айта кеткенді жөн көріп отырмын... Бұл мақала қазақ қыздарын мұсылман бауырларымыз түріктерге тұрмысқа шығуға үгіттеу үшін емес, жай ғана қазақ пен түрік халықтарының жанұя, отбасы деген құндылықтарға қалай қарайтынын түсіну үшін жазып отырмыз. Өмірде түрлі тағдыр мен танысу бар. Сондықтан қаракөздерімізді кейде түсінуге де болады...

Лаура Денгизек, 26 жаста, туған қаласы – Ақтөбе, аудармашы

Танысуы жайлы

Түрік жігітімен 2014 жылы көктемде таныстым. Ол кезде Түркияда тағлымдамада жүрген едім. Жалпы, Түркияның адамдарды жол ережесін дұрыс сақтамайды. Қалай болса, солай жүреді. Бірде жолдан өтіп бара жатқан кезімде, біреу мені көлікпен қағып кете жаздады. Жүргізуші ұзақ кешірім сұрап, әлекке салынды. Кейін бір аптадан кейін менің телефон нөмірімді тауып алып хабарласты. Кездесуімді өтінді. Бәрі содан басталды...

Университетті бітірген соң, Түркияға магистратураға оқуға түстім. Үйлену туралы ұсынысты сол кезде жасады. Ал ата-енеммен тойдың алдында ғана таныстым.

Алайда менің ата-анам түрікке тұрмысқа шығуыма қарсы болды. Олардың келісімін ала алмай екі жылдай жүрдім. Әрең дегенде көндірдім.

Менің тойым Қазақстанда қазақы Қыз ұзатумен өтті. Ата-анам сонда ғана түрік құдаларымен танысып, кейін Түркиядағы үйлену тойына барды. Үйлену тойы түрік салт-дәстүрімен өтті.

Түріктердің жанұясы жайлы

Негізінде, түріктер салт-дәстүрге аса берік емес. Көне дәстүрлерін ұстанбайды деуге болады. Оларда "сәлем салу", келіннің орамал тағып жүруі деген жоқ. "Қазақ халқы салт-дәстүрге адал, келіндері үлкендерге "сәлем салады", үй шаруасына бейім келеді" десем, таңқалады. Түріктер келіндерге тамақ жасауға, үй жинауға міндеттемейді.

Түріктер Рамазан мен Айт мерекесін атап өткенді жақсы көреді. Мереке күндері бүкіл әулет бір үйге жиналып, дастарханнан ас ішеді. Үлкендердің келіп қолдарын сүйеді. Бұл үлкенге деген құрметті білдіреді. Дастарханға отырған кезде, бір-біріне сыйлық береді.

Ал енем екеуіміз жақын құрбылар тәріздіміз: ене мен келін сияқты араздасу жоқ. Атам екеуі ақкөңіл, елгезек адамдар.

Жаңа түскен келін ата-анаға деген құрмет ең басты екендігін білуі керек. Түрік ер-азаматтары анасына жақын келеді, сондықтан ененің көңілінен шығу арқылы күйеуіңді риза етуге болады.

Балаларыма қазақша тәрбие беремін

Екі қызымыз бар. Негізінен, түрікше тәрбие береміз. Бірақ балаларыма қазақша тәрбие беруге тырысамын. Қазақ тілі мен орыс тілін үйретемін.  

Сезен Бекиш Чобан, 32 жаста, туған қаласы – Шымкент, есепші

Танысуы жайлы

Күйеуіммен әлеуметтік желідегі досым арқылы таныстым. Тек желіде ғана сөйлесіп жүрдік. Ал ұсынысты видеобайланыс арқылы жасады. Жеті ай сөйлесіп жүріп ол мені Түркияға, ата-анасымен танысуға шақырды. Танысу жақсы өтті. Туған қызындай қабылдады. Сол кезде үлкендермен амандасқанда қолын сүю керектігін ұқтым.

Жігіттің туған-туыстарымен танысу жақсы өткендіктен, кейін Қазақстанға келіп, менің ата-анаммен танысты. Ал 2012 жылы Түркияға көшіп, сонда шағын той жасадық.

Түрік жанұясы жайлы

Басында Түркияға көшкен кезде өте қиын болды. Өйткені түрік тілін жетік білмедім, жаңа өмірмен танысу, үйрену қиын болды. Түркияда жүріп, жанұя, отбасы дегенге ерекше көңіл бөлетін болдым. Негізінде, түріктер үшін жанұяның орны ерекше, өмірінің мәні десек болады. Отбасы бірінші орында тұрады. Оған жауапкершілік танытады.

Жанұямыз қазақтың да, түріктің де салт-дәстүрлерін қатар ұстануға тырысады.

Екі баламыз бар. Әзірше, балаларыммен тек қазақша сөйлесіп жүрмін. Кейін Қазақстанға оралғым келеді.

Түріктер Рамазан айы мен Айт күндеріне үлкен мән береді. Айттың алғашқы күні үлкендерге барып, мерекемен құттықтайды.

Елена Четин, 33 жаста, туған қаласы – Өскемен, сұлулық салон шебері

Болашақ күйеуіммен кездейсоқ танысып қалдым. Шағын кафеде, ас үстінде таныстық. Үш айдай сөйлесіп жүріп, некеге тұру туралы ойын айтты. Бұған күйеуімнің ата-анасы қатты таңқалды.

2007 жылы үйленіп, 2011 жылы ғана Түркияға көшіп бардық. Бәрі балалардың қамы үшін. Түрік тілін үйренсін деген ой болды. Көшіп барған жылдары маған қиын болды. Әсіресе, тілді білмеу мен жаңа қоғамның құндылықтарын білмеу көп кедергі келтірді.

Түріктердің салт-дәстүрі жайлы

Түріктерде салт-дәстүр көп. Соның бірі – үйлену тойы. Бірде менің қайын әпкем тұрмысқа шықпақ болды. Сол кезде енем қалыңдықтың жасауын бөлек бір бөлмеге жиып қойды. Бұл қалыңдықтың тойға дайын екендігін білдіреді. Ал жасаудың ішінде үйге керектігі бәрі бар еді.

Түрік жанұясы жайлы

Негізінен, қазақтар мен түріктердің салт-дәстүрі де, танымы да ұқсас. Әулет, отбасы деген бірінші орында тұрады. Түріктердің қазақтан айырмашылығы – тек санында ғана. Яғни, түріктер топ-тобымен жүреді. Егер аяқ астынан бала аурухана түсіп қалатын болса, онда бүкіл әулет бірге жиналып, ауруханаға келеді. Баланың ата-әжесі де, ағасы мен апайылары да бәрі ауруханаға келуі мүмкін. Кейде бірақ жиналамыз деп жүріп, баланың өзін ұмытып кететін жағдайлар болады.

Таңертең жанұя бірге отырып, таңғы ас ішеді. Ал үйден шығар кезде бәрімен қоштасып, маңдайынан сүйіп шығады.

Түріктер де қазақтар сияқты қонақжай халық. Әрдайым көмектесуге әзір тұрады.

Дерек көзі: weproject

0 Пікір Кіру