Баланы жауапты болуға қалай үйретуге болады? - на woman.bugin.kz
Guldana Mukhtarbek - на woman.bugin.kz Guldana Mukhtarbek

Бауырлардың арасындағы шынайы қамқорлық пен мейірім табиғи түрде қалыптасуы керек

Канадалық психолог Гордон Ньюфелдтің айтуынша балаларды өздерінен кіші бауырларына қарауға мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Өзінен кішілерге қамқорлық көрсету сезімі балаға өздігінен келу керек.

Дәстүрлі қазақ отбасыларында өмірге екінші, үшінші бала келген кезде үлкен бала автоматты түрде кішкентайларға қарауға міндеттеледі. Шындығында, бауырлардың арасындағы шынайы қамқорлық пен мейірім табиғи түрде қалыптасуы керек. Ал бұған ата-ананың «үйдің үлкенімен» дұрыс байланыс құрғанына байланысты. Егер ата-ана үлкендеріне мейірім, махаббатын жеткілікті түрде берген болса, үлкен бала да кішілерге қамқорлық көрсететін болады. Яғни, жауапты болуды бала ата-анасынан үйренеді. 

Егер ересек адамдардың жағдайымен салыстырсақ, біз жақындарымызға қамқорлық көрсетіп, олар үшін жауапкершілік сезінеміз. Алайда оны бізге еркімізден тыс жасататын болса, әрекетіміз ықыласты болмайды. Еркімізден тыс жасаған істер, біздің жауапкершілік сезімімізді арттырмайды. Балалармен де дәл солай. Үйдің үлкеніне кішкентай бауырына қарауды міндеттеу арқылы оларды жауапкершілікке баули алмаймыз.

Үйдегі ата-ананың «кішкентайларға қарау» туралы әңгімелері де үлкен балаларға жағымсыз әсер етуі мүмкін. Әсіресе, оларды анасының немесе әкесінің орнына қойып айтатын болса. Әлі жетілмеген бала қалайша бауырына ересек адам сияқты қарай алады? Олардың сана-сезімі толыспаған, өмірлік тәжірибесі де жеткіліксіз. Оның орнына анасы балаларды білдіртпей «достастыру» қажет. Бір ана алты жасар ұлын інісінің өмірге келуіне дайындаған. Нәтижесінде, баланың інісі дүниеге келгенде оның қуанышында шек болмайды. Тіпті, ата-анасынінісінен қызғанбаған. Осылайша, ата-анасы бірінші баласымен құрған берік байланысы оның інісіне де қамқоршы болуға себепші болды.

Баланың шынайы қамқорлығы мен мейірімділік сезімі ата-анасының міндеттеуімен емес, баланың өз таңдауымен іске асуы қажет. Үлкен бала бауырымен берік байланыс құруы үшін уақыт керек. Сабыр түбі сары алтын.

Сөзіміздің түйіні, балалар жауапкершілік пен қамқорлықты үлкендерден үйренеді. Егер «үйдің үлкені» ата-анасынан жеткілікті деңгейде мейірім мен махаббат көретін болса, ол да өз кезегінде кішкентайларға қамқорлық танытатын болады.


0 Пікір Кіру