Қызым қия баспасын десеңіз...  - на woman.bugin.kz
Құсқанат Айым - на woman.bugin.kz Құсқанат Айым

Қыз тәрбиелеп отырғандарға арналады

1. Қызға ата-анасын, туған туыстарын қадірлей білуді, сыйлауды үйретіңіз. Әкесінің сөзін бөлмеуін, ер адамның алдын кесіп өтпеуін қадағалаңыз. Қыз бала аға-бауырларына жаны ашып тұратын болсын. Сонда ғана одан болашақта өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығады.

2. Қызға тән иба мен әдепті, ұялу мен қымсынуды кішкентай кезінен-ақ санасына сіңіріңіз. Себебі, сәби кезінде берілген тәрбиенің ғұмыры ұзақ, жемісі тәтті болады. Бұның ертең еліне пайдасы тиер саналы ұрпақ тәрбиелеуде де үлкен септігі тиері анық.

3.  Білім беретін ұстазына көңіл бөліңіз. Өйткені, сізден кейінгі тәрбие тізгіні - мұғалімнің қолында. Бұл өз мойныңыздан барлық жауапкершілікті ысырып тастау емес, қайта қызыңыздың мінез-құлқының дұрыс қалыптасу сатысын екі есе жіті бақылауға алатын мерзім екенін ұмытпағаныңыз жөн.

4.  Өмірге деген қызығушылығы оянып, «білсем», «көрсем» деген кезінде оның іс-әрекеттерін дұрыс арнаға қарай бағыттай біліңіз. Дана халқымыз осы шақты тәрбиенің тамырымен орнығатын сәтіне балаған. Бұл кезде дәмді ас дайындау, тігін тігу, қонақ күту сынды үй жұмыстарына қолғабыс жасағаны абзал. Оның жүріс-тұрысының сыпайы болуын ескеріңіз. Сөйлегенде де, күлгенде де әдеп сақтап жүруін қадағалаңыз.

5.  Қыз – нәзік жаратылыс. Жаулықтының табиғатына биязылық пен сыйпайылық тән. Осы орайда, бүгін ескермегеніңізбен, ертең есеңгіретіп түсіретін бір мәселе бар. Оның қиын жұмыс жасап, ауыр спорт түрлерімен айналысуына қалыпты жағдай ретінде қарамағаныңыз жөн. Әрине, дамыған заман талабына сай әркім көңілі қалаған жұмысын жасап, ұнаған спорт түрімен айналысады. Елімізде атағын әлемге танытып жүрген спортшы қыздар да жоқ емес. Дегенмен, оның салдары қызыңыздың еркекшора болып өсуіне алып келмегені дұрыс.

6. Қайнаған қоғам қызығына елітіп, үлкен өмір дастанын енді ғана парақтаған ерке қызыңыздың бірге жүрген құрбы-құрдастары, дос-жарандары, араласатын ортасына абай болыңыз. Көптеген ата-аналардың өрескел қателік жіберетін тұсы да осы кез. Өсті, енді өзі біледіге салып, мән бермей қойсаңыз, құзғындар құрған тұзаққа өзіңіз жол ашып бергендей боласыз. Қазақ «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол» деп бекер айтпаған.

7. Біз мойындағымыз келмесе де, қоғамда тоқтаусыз белең алып жатқан ажырасулар «сүйдім, күйдім» деген албырт сезімнің салдарынан туып жатыр. Қыз берерде күйеу балаңыздың ақыл-парасатын, ерік-жігерін, болмысы мен тектілік тұғырын сүзгіден өткізіп барып қана келісіміңізді беріңіз. Себебі, Алла Елшісі (ﷺ): «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла Тағала ол кісіні Жәннатына кіргізеді» - деген. (Әбу Дәуд) Демек, хадисте айтылғандай, қызыңызды құтты орнына қондырып, жақсы жерге тұрмысқа беру – мойныңыздағы үлкен жауапкершіліктің бірі. Оның жар таңдауда шалыс басқанын көріп, бармағыңызды тістемес бұрын жанашыр жандардың сынынан өткен текті жігітке беріңіз. Атамыз қазақ тектіліктің тамырын солай жалғай білген.

Дереккөз: "Асыл арна" телеарнасының фб парақшасынан

0 Пікір Кіру